«Ілияс Жансүгіров оқулары»: Павлодарда үздіктер анықталды

«Ілияс Жансүгіров оқулары»: Павлодарда үздіктер анықталды
Фото: gov.kz

Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Талдықорған қаласында өтетін республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

21 сәуірде дарынды қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты базасында 8–11-сынып оқушылары арасында республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтті.

– Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылар арасында Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және дарынды жастарды анықтау, – деді облыстық білім беру басқармасы баспасөз орталығы.

Іс-шараға өңірдің үш қаласы мен 10 ауданынан, сондай-ақ сегіз мамандандырылған мектептен 70 оқушы қатысты. Қорытындысында 35 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде бес оқушы І орын, 11 оқушы ІІ орын, 19 оқушы ІІІ орын иеленді.

Байқау бірнеше бағыт бойынша өтті. 

«Ілияс – эпик ақын» номинациясында Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясының 9-сынып оқушысы Аружан Оразбай жеңімпаз атанды. «Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап» жас ақындар сайысында І орынды Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Алдияр Қайрат иеленді.

Ал «Ілияс – қарасөз шебері» бағыты бойынша «Зерде» мамандандырылған мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Батырхан Сушин үздік деп танылды. «Сұлу сөздің сүлейі» номинациясында облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Данель Сатенова жеңіске жетті.

Сондай-ақ «Заманның заңғар тұлғасы» бағыты бойынша І орынды Екібастұз қаласындағы №28 Абай атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Лаура Жанат иеленді.

Облыстық кезеңнің жеңімпаздары алдағы уақытта Талдықорған қаласында өтетін республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды.