Павлодарлық студент Қырғызстандағы халықаралық байқауда жүлдегер атанды
Байқау ветеринария мамандығы бойынша өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ertis» Жоғары инновациялық аграрлық колледжінің студенттері Қырғызстанда өткен «Ветеринария» мамандығы бойынша халықаралық кәсіби шеберлік байқауына қатысты.
Байқау Ыстықкөл облысының ветеринариялық қызметі базасында ұйымдастырылды. Іс-шараны Қ.И. Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті жанындағы Сұлтан Ибраимов атындағы агротехникалық колледж өткізген. Оған Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінің өкілдері де қатысқан.
Үш оқу орнын агроөнеркәсіптік сектор үшін кәсіби білім беруді дамыту, тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы серіктестік байланыстырады.
– Колледждер арасындағы ынтымақтастық бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Өткен жылы «Ertis» Жоғары инновациялық аграрлық колледжі Қырғызстан мен Шығыс Қазақстаннан келген делегацияларды қабылдап, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобалардың келешегін талқылаған болатын, – деді «Ertis» Жоғары инновациялық аграрлық колледжінің баспасөз қызметі.
Биыл Павлодар облысының атынан байқауға колледждің екінші курс студенттері Дәурен Камалбек пен Нұртілек Бекмұхамбет қатысты. Қатысушылар теориялық біліммен қатар практикалық машықтарын да көрсетті. Олар ветеринариялық манипуляциялар жасап, кәсіби тапсырмаларды орындап, зерттеу және клиникалық жұмыстар жүргізді.

Байқау қорытындысы бойынша Дәурен Камалбек жоғары нәтиже көрсетіп, екінші орын иеленді.
Павлодар облысы білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған сапар аясында колледж делегациясы да тәжірибе алмасу алаңына қатысты. Делегация жетекшісі Айгүл Байжұманқызы бастаған оқытушылар Қырғызстандағы жетекші колледждердің біріндегі оқу процесімен, тәжірибелік даярлау жүйесімен және халықаралық кәсіби жарыстарды ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты.
Фотосуретті «Ertis» Жоғары инновациялық аграрлық колледжінің баспасөз қызметі ұсынды