Павлодарда қысқы демалыста мұқият кітап оқыған балалар сыйлық алды
№ 40 жалпы орта білім беру мектебі кітапханасында библиокешинг өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім беру бөлімінің мәліметінше, кітапсүйер қауымды шақыру арқылы С. Мұратбековтің «Жабайы алма» повесі бойынша 6 сынып оқушыларына әртүрлі сұрақтар қойылды. Ұйымдастырушылар – сынып жетекшісі Жұлдыз Серғазина және мектеп кітапханашылары Бақытгүл Байкенова, Нағима Жақсыбаева.
– Шараның соңы жұмбаққа толы әрі қызықты болды. Әрбір қатысушы дұрыс жауап бергені үшін ерекше құпия сыйлық – кәдесый киіз үй алды. Іс-шара біздің талантты оқушыларымыз үшін білім көзі және әдебиет әлеміне ұмытылмас жолдама болды, – деді кітапханашылар.
Ғылыми-педагогикалық кітапханасының әдістемелік ұсынымдарын игеру аясында қала мектептеріне «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» атты шара енгізілген.
Жалпы орта білім беру мектептерінің кітапханаларында 1-11 сынып оқушыларына арналған 10 кітап оқуға ұсынылды. Оның ішінде Б. Момышұлының «Ұшқан ұя», Қ. Өмірбайұлының «Алаш мұрасы», Ж. Жұмахановтың «Солдат жолы» және т.б. жазушылардың туындылары бар.
Диалог алаңында оқушылар оқыған кітабынан алған әсерлерімен бөлісті, басты кейіпкерлерге тоқталып, шығарманың аудио нұсқасын тыңдады. Олардың назарына «Сайын даланың сайыны» атты кітап көрмесі ұсынылды.
– Кітапты оқу арқылы мен өз балалық шағымды басты кейіпкер Қанаттың өмірімен салыстырдым, баланың бойындағы шыдамдылық, қиындыққа төзе білу қасиеттерінен өзіме сабақ алдым, – деп Ерасыл Хайрол өз ойымен бөлісті.
Жас өрендер кітапқа арналған жаңа бетбелгілер жасап, кітаптың сыртқы мұқабасын өздерінің қиялы бойынша рәсімдеді. Сонымен қатар, библиокешингке қатысушылар learningapps платформасында шығарманың мазмұны бойынша тест сұрақтарын сәтті орындап, кітаптың мазмұнын білетіндерін көрсетті.