Павлодар облысында балалар арасында темір тапшылығы неге жиі кездеседі?
Аурудың алдын алу үшін оның алғашқы белгілерін дер кезінде байқау маңызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық балалар ауруханасының онкогематолог дәрігері Айдар Сайлауовтың айтуынша, темір тапшылықты анемия – балалар арасында кең таралған патологиялардың бірі. Әсіресе, ерте жастағы бүлдіршіндердің ағзасындағы темір деңгейіне ерекше көңіл бөлу қажет.
– Бұл дерттің негізгі себептерінің бірі – баланың шала тууы және анасының жүктілік кезінде анемияға шалдығуы. Ал бір жастан асқан балалардың ағзасы қарқынды дамитындықтан, темірге деген қажеттілік артады. Бұған қоса, күнделікті ас мәзірінде аталған микроэлементке бай өнімдердің жеткіліксіз болуы да оның тапшылығына әкеледі, – дейді дәрігер.
Маманның түсіндіруінше, темір қорының азаюы жалпы әлсіздік, тез шаршау, ұйқышылдық, тері мен еріннің бозаруы және құрғауы сияқты белгілерден байқалады. Сондай-ақ шаш түсуі, тырнақтың сынғыштығы, бас айналу, дәм мен иісті сезудің өзгеруі мүмкін. Кейбір балалар бор, топырақ және басқа да жеуге жарамсыз заттарды тұтынуға әуестенеді.
Бұл мәселе баланың физикалық жетілуіне ғана емес, жүйке жүйесінің жұмысына да кері әсерін тигізуі ықтимал. Соның салдарынан есте сақтау қабілеті нашарлап, мінез-құлқында мазасыздық, жылауықтық немесе ашуланшақтық байқалуы мүмкін. Ұйқы режимі бұзылып, бойы мен салмағының өсуі баяулауы да ғажап емес. Бұдан бөлек, ағза инфекцияларға осал болуы мүмкін.
– Қауіп тобына анасы анемиямен ауырған және дұрыс тамақтанбайтын балалар жатады. Ас мәзірінде ет пен темірге бай өзге де өнімдердің аз болуы, сүтті шамадан тыс тұтыну және шайды жиі ішу осы микроэлементтің ағзаға сіңуіне кедергі келтіруі мүмкін, – деп түсіндірді Айдар Сайлауов.
Дәрігердің сөзінше, диагноз қою үшін жалпы қан талдауы жасалып, ферритин мен қандағы темір деңгейі тексеріледі. Егер балада аталған белгілер байқалса, өз бетінше ем қабылдауға болмайды. Оның орнына дәрігерге жүгінген жөн. Талдау нәтижелері темір тапшылығын растаса, онкогематолог маман қажетті тексерулер жүргізіп, тиісті емдеу жоспарын құрады.
Темір тапшылықты анемиядан арылу бірнеше айға созылуы мүмкін. Мамандардың мәліметінше, емдеу курсы үш айдан да ұзаққа жалғасуы ықтимал. Сондықтан баланың күнделікті тамақтану сапасын қадағалап, денсаулығындағы өзгерістерге уақытылы назар аудару маңызды.