Екібастұздың «Батыры» сырт алаңда жеңіске жетіп, кестеде көтерілді
Матчтың басты қаһарманы 22 жастағы шабуылшы Аңсар Алтынхан болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұздың «Батыр» футбол клубы Қазақстанның Бірінші лигасында сәтті ойындарын жалғастыруда. 17-тур аясында Виталий Спарышев жаттықтыратын команда Ақтөбеде жергілікті «Ақтөбе» клубының жастар құрамасымен кездесіп, 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Матчтың басты қаһарманы 22 жастағы шабуылшы Аңсар Алтынхан болды. Қарағанды тумасы бірінші таймның өзінде екі гол соғып, дубль авторы атанды және командасына маңызды үш ұпай сыйлады.
Еске салсақ, бұған дейін «Батыр» өз алаңында «Елімайдың» жастар құрамасын жеңген болатын. Қатарынан екі жеңістің арқасында екібастұздықтар бұған дейінгі үш ауыр жеңілістен кейін турнирлік жағдайын едәуір жақсартып, 23 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді.
Бірінші лиганың көшін 46 ұпаймен қарағандылық «Шахтер» бастап келеді. Екінші орында – «Қайрат-Жастар» (42 ұпай), үшінші орында – «Тұран» (34 ұпай). Одан кейін «Академия Оңтүстік» (29 ұпай) пен «Астана М» (26 ұпай) орналасқан. Алайда бұл командалар Премьер-лига клубтарының жастар құрамалары болғандықтан, жарыс регламентіне сәйкес Қазақстан Премьер-лигасына көтеріле алмайды. Сондықтан жоғары дивизионға жолдама берілетін екі орын үшін күресте лицензиясы бар клубтардың мүмкіндігі сақталып отыр. Қазіргі таңда бұл бәсекеде «Тұран» алда болса, 23 ұпай жинаған «Тараз» бен «Батыр» да көшбасшыларға жақындауға мүмкіндік иеленіп отыр.
Келесі турда «Батыр» өз алаңында турнирлік кестедегі көршісі – Оралдың «Жайық» клубын қабылдайды. Кездесу 13 тамыз күні өтеді.