Ақсуда такси жүргізушісі заңсыз адам тасымалдаған
Оның тиісті құжаттары болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Такси» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде Қамзин көшесінде 45 жастағы жергілікті тұрғын басқарған сұр түсті «Тойота Камри» маркалы автокөлікті тоқтатты.
– Тәртіп сақшылары құжаттарды тексерген кезде оның тиісті рұқсатсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны, атап айтқанда, «Регион» қосымшасымен қажетті рұқсаттар мен тиісті құжаттарсыз такси жүргізгені анықталды, – дейді Ақсу қаласы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айдар Сламбеков.
Кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқаны, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей іс-әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асырғаны үшін ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, материал сотқа жіберілді.