Неліктен Екібастұз ЖЭО өзін электр энергиясымен қамтамасыз етпейді?
Жылу-электр орталығының негізгі жабдықтары электр қуаты арқылы жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Станцияда негізгі және қосымша қуат көзі бар. Соңғы дауыл кезінде жылу-электр орталығында электр қуаты үзіліп, қазандықтар тоқтап қалған. Қатты жел қуат көздерін де, тіректерді де зақымдады. Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
– Үшінші желіні «Восточный» разрезі жағынан қосуға тура келді. Үш сағаттан кейін жарық пен жылу қалпына келтірілді,–деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің айтуынша, Екібастұз ЖЭО-да турбинаның қуаты 12 мегаватты құраса, ал жылыту маусымының қауырт кезеңінде турбинаның қажеттілігі 30 мегаваттты талап етеді. Мұндай қуатты алу үшін қосымша бір қазандықты салып, тағы бір турбинаны орнату қажет. Алдын ала жасалған техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, оған шамамен 100 миллиард теңге инвестиция қажет.
– Оларды салу үшін әлі нақты жоспар жоқ, бірақ-та есептеулер бар. Барлығы жылу-электр орталығының меншік нысанына байланысты болады. Оны біз жылу беру маусымының соңында қарастырамыз,– деді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, «Екібастұзжылуэнерго» монополисі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментіне жылу тарифін 149 пайызға көтеруге өтінім берді. Алайда тарифтер өспейді. Департамент 25-тен 40 пайызға дейін көтеруді қарастыруда. Бірақ, қазір тариф мәселесі әлі талқылануда, ешқандай шешім қабылданған жоқ.