Павлодар қорығының мамандары Шалдай орманын тексерді
Сонымен бірге жерасты суларының деңгейін өлшеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» табиғи резерватының қызметкерлері Шалдай филиалының орман тәлімбағында өсетін қарапайым қарағайдың көшеттеріне «Биогумус» препаратының қалай әсер ететінін тексерді. Ол үшін ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің мамандары сынақ алаңын өңдеді.
– Енді мамандар бұл учаскені үнемі тексеріп отырады. Олар оны вегетациялық кезеңде үш рет өңдеуді жоспарлап отыр. Бақылаулар мен өлшеулер негізінде қорытындылар шығарылып, ұсыныстар жасалады, – деп хабарлады резерватта.
Сонымен қатар, мамандар Шалдай орманшылығында жерасты суларының деңгейін өлшейді. Орманшылардың айтуынша, бұл – орманның санитарлық жағдайының негізгі критерийі. Жерасты суларының деңгейі ай сайын сәуірден қарашаға дейін 15 стационарлық ұңғымада өлшенеді.