Павлодарлық полицейлер аязда тоңып қалған оқушыны үйіне жеткізді
Қала мектептерінің бірінде оқитын 10-сынып оқушысының телефоны сөніп қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыз бала автобус аялдамасында ұзақ тұрып қалған, себебі автобустар болмаған. Өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері оны байқап, кейін тұрғылықты жеріне жеткізген. Тәртіп сақшыларынан мұндайды күтпеген қыз полицейлерге алғысын айтты.
Павлодар қаласы полиция басқармасының жеке құрамы қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған.
– Әсіресе аялдамаларда тоңып қалған немесе жол бойымен келе жатқан қала тұрғындарына үйлеріне кешкі уақытта жетуге көмектеседі. Жалпы, облыс орталығының полицейлері барлық жүргізушілерді адамгершілік танытуға және мүмкіндігінше адамдарды тұрғылықты жерлеріне дейін жеткізіп салуға шақырады, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Айта кетейік, бұл күндері облыста термометр бағанасы минус 30 градусты көрсетті. Полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде аккумуляторлары отырған немесе баратын жеріне жету кезінде басқа да қиындықтар пайда болған жүргізушілерге көмек көрсетуде. Егер жергілікті жерде көмек көрсете алмаса, техниканы жақын маңдағы техникалық қызмет көрсету станциясына сүйретіп жеткізеді.