Ақтоғайда күрделі жөндеуден өткен дәрігерлік амбулатория ашылды
Бір жыл ішінде ауданда үш дәрігерлік амбулатория жөнделді, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz.
Әуелбек ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 80 миллион теңге бөлінді. Ғимараттың шатыры, терезелері ауыстырылды, қасбеті, электр желілері мен су жүйесі жаңартылып, қазандық орнатылды. Амбулатория айтарлықтай өзгерістерден өтті. Ішкі бөлмелер де жөндеуден өтіп, жайлы және заманауи медициналық кабинеттердің үлгісіне айналды. Медициналық жабдықтар мен жиһаздар жаңартылып, дәрігерлер мен науқастар үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
– Амбулатория 1400 адамға қызмет көрсетеді. Жақын маңдағы төрт ауылдың тұрғындары да осында жүгінеді. Биыл біз мұнда физиокабинет аштық, –деді Ақтоғай аудандық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Бақытгүл Қапжұпарова.
Жалпы тәжірибелік дәрігерден басқа амбулаторияда екі медбике жұмыс істейді. Жас медицина қызметкерлері еліміздің оңтүстік өңірлерінен қоныс аудару бағдарламасы бойынша келді. Олар тұрғын үймен және көтерме жәрдемақылармен қамтамасыз етілді.