Павлодарлық дәрігерлер жол үстінде ер адамды клиникалық өлімнен арашалап қалды

66 жастағы ер адам инфаркт алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық 103 жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, оқиға 29 шілдеден 30 шілдеге қараған түні Ақсу қаласында болған.
Науқастың жүрегі жедел жәрдем көлігінде тоқтап қалғанымен, білікті медициналық көмектің арқасында ол қайта өмірге оралды.
103 пультіне шақыру 23:51-де түскен. Ер адам көкірек тұсындағы қатты ауырсынуға және сол жақ қолындағы ауруға шағымданған. Бұл – жүрек инфарктінің негізгі белгілерінің бірі.
7 минутта жеткен бригада пациенттің жағдайын шұғыл бағалап, оны кардиологиялық орталыққа жатқызу туралы шешім қабылдайды. Алдын ала орталық қызметкерлеріне хабар берілген. Алайда тасымалдау барысында күтпеген жағдай орын алады – ер адамның жүрегі тоқтап, ол клиникалық өлім жағдайына түседі.
– Дәрігерлер бір секунд та жоғалтпай, жедел реанимация бастады. Дефибриллятор арқылы жүрек жұмысы қайта қалпына келтіріліп, пациент Павлодардағы кардиологиялық орталықтың жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оған шұғыл түрде стент қою операциясын жасады, – деді облыстық 103 қызметінде.
Қазіргі таңда пациенттің жағдайы тұрақты. Дәрігерлер оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтты.