Павлодарда ғалымдар екпеге қатысты ата-аналардың басты қорқыныштары туралы айтты

Балаларда екпеден кейін аутизм спектрі бұзылуы мүмкін. Бұл – ата-аналар арасында кең таралған қорқыныштардың бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының миссиясы жұмысын жалғастыруда. Ол жасөспірімдерді адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау, сондай-ақ жалпы иммундау мәселелерімен айналысады.
ДДСҰ Қазақстандағы өкілдігінің мәліметінше, өткен жылы вакцинациядан бас тартудың шамамен 5 мың жағдайы тіркелді. Бұның алдындағы жылы – бес есе көп. Шамамен 17%-ы діни немесе жеке көзқарастармен байланысты болып шықты.
Сарапшылармен өткен кездесуде павлодарлық ата-аналар балаларын иммундауға қатысты басты қорқыныштарымен бөлісті.
– Мен балама вакцина егілгеннен кейін аутизм пайда болады деп қорқамын. Өзім кеңес дәуірінде екпе алғанмын, бірақ балам үшін қорқамын. Ол әлі екпе алмаған, – дейді аналардың бірі.
Мамандар ересектер арасындағы екі негізгі қорқынышты атап өтті: вакцина өндіретін елге, әсіресе Үндістанға деген сенімсіздік және аутизмнен қауіптену.
ДДСҰ-ның Қазақстандағы иммундау бағдарламасының үйлестірушісі Қанат Суханбердиев бұл қорқыныштың тарихи тамыры туралы айтты.
– 1998 жылы The Lancet журналында қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина мен аутизм арасында байланыс бар деген зерттеу жарияланды. Оның авторы – Эндрю Уэйкфилд. Зерттеу субъективті деректер мен зертетушілердің саз санына негізделген. Кейін бұл тұжырымдар жоққа шығарылып, автор барлық ғылыми атақтарынан айырылды. Біз бұл жағдайды соңғы жүзжылдықтағы ең зиянды жалған миф деп атаймыз, – дейді ол.
Бұл оқиғаның салдары вакцинацияға деген сенімге әлі күнге әсер етеді.
– Алғашқы салдары – дүрбелең мен сенімсіздік. Біз түсіндіру жұмысын жүргізіп келеміз. Екінші – Еуропада жұқпалы аурулардың өршуі. Үшінші – ғылым беделіне келген ауыр нұқсан, – дейді Қанат Суханбердиев.
Аталған зерттеуден кейін үш құрлықтағы жеті елде 18 ірі эпидемиологиялық зерттеу жүргізілді. Аутизмге шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бөлек зерделенді. Олардың 80%–ы ата-аналар вакцинаның себеп еместігіне көз жеткізді.
Тағы бір кең таралған қорқыныш – вакцинаның шыққан елі, әсіресе Үндістанға деген сенімсіздік.
– «Үндістан» дегенде кейбіреулер тек антисанитария мен Ганг өзенін елестетеді. Алайда, мұндай көріністерді бізде де, АҚШ-та да, Еуропада да көруге болады. Бұл – ұстанымдағы көзқарастың салдары. Шын мәнінде, әлемдегі фармацевтикалық нарық сегіз алпауыт өндірушіге тиесілі. Ал Үндістан – солардың бірі. Serum Institute of India – әлемдегі ең ірі өндіруші, ол АҚШ пен Еуропаға вакцина жеткізеді, – дейді Қанат Суханбердиев.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакциналармен басқарылатын инфекциялар бойынша басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева вакцинаны қолданар алдында жүргізілетін кешенді бағалау процедурасы туралы айтты.
– Қазақстанда Орталық Азиядағы вакциналарды бағалаудың ең қатаң жүйесі бар. Бірнеше ай бойы досье жиналып, ондаған критерий бойынша зерттеу жүргізіледі. Вакцина бір жыл қолданылғаннан кейін ғана тұрақты рұқсат ала алады. Біз бекітілген хаттаманы қатаң ұстанамыз: алдымен қауіпсіздік, содан кейін тиімділік. Вакцина Қазақстанға тек өндіруші елдің мақұлдауынан кейін енгізіледі. Баға екінші орында, сапа – басымдықта, – дейді Нұршай Әзімбаева.
Вакциналар – бұл иммунобиологиялық препараттар, оларды арнайы сақтау талаптары бар. Оларды қарапайым сөмкеде тасымалдау мүмкін емес. Суық тізбек қатаң сақталуы тиіс: тоңазытқыштар, термоконтейнерлер пайдаланылады, температуралық режим мұқият бақыланады.
– Қазақстанда халықаралық өндірушілердің вакциналары қолданылады: БЦЖ бұрын Жапониядан жеткізілген, қазіргі уақытта Үндістандағы Serum Institute зауытынан, гепатит B– ға қарсы екпе Оңтүстік Корея және Франциядан, қызылша мен паротитке қарсы препарат Үндістаннан, көкжөтел, дифтерия және сіреспеге қарсы вакцина – Франциядан тасымалданады. Ал АДС-М вакцинасы Ресей мен Үндістаннан, ал гепатит A–ға қарсы құрал Қытайдан сатып алынады, ал бұрын Бельгиядан жеткізіледі, – дейді Нұршай Әзімбаева.
Ал обаға қарсы вакцинация тек эпизоотиялық ошақтарда негізінен батыс өңірлерде, Алматыда және Алматы облысында жүргізіледі. Вакцина – отандық өнім, бұгінгі таңда Алматыдағы Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы препараттармен Орта Азия елдеріне қамтамасыз етеді.
Сарапшылардың пікірінше, вакцина мен аутизм арасындағы байланыстың жоқтығы дәлелденгенімен, оның төңірегіндегі жағымсыз мифті жою үшін уақыт қажет. Бұл аргумент әлі де антиваксерлер қатарындағы қарсы пікір айтушылар тарапынан қолданылып келеді.
Қазақстанда жыл сайын бес миллионнан астам адам вакцина алады, оның ішінде 1,3 миллион – бала. Көпшілік салмақты шешім қабылдап, иммундауды қолдайды