Белгілі тиктокер павлодарлық мұғалімдерге оқушылар көңілін табуды үйретті

Оның әдіс-тәсілдерін Президенттің өзі мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алматылық химия мұғалімі Ұлан Үсенов Павлодарда өтіп жатқан «Amansultan AI Mugalim: белгісіз болашаққа арналған белгілі дағдылар» фестивалінде «Қызықты химия немесе кез келген пәнді қызықтырудың әдіс-тәсілдері» туралы баяндап берді. Химиктің осы бағыттағы жаңалық ашуы коронавирус пандемиясы кезінде басталды.
- Жетінші сынып. Оқушылардың бар-жоғын тексеру. Барлығы қай кездегідей микрофондары мен камераларын өшіріп тастады, кадрда бір бала ғана қалып қойды. Мен «шынымен бүгін онымен химияны талқылаймыз ба?» деп қуанып кеттім. Сөйтсем, ол TikTok-қа телміріп, микрофонды өшіруді ұмытып кеткен. Мен баланың назары үшін соғыста TikTok-тан жеңілдім, жүрегім құлазыды. Бірдеңе істеу керек деп ойладым, – деп еске алады Ұлан Үсенов.
Бұрынғы көңілді тапқырлар клубының ойыншысы балалардың назарын аударуды қолға алады: ол әлеуметтік желілерде әртүрлі бейнероликтер түсіреді, онда ол өз пәнінің кейбір тұстарын ойнақы, әзіл-оспақ және ән түрінде жеткізеді. Оны шәкірттері ғана емес, бүкіл Қазақстан байқап, Ұлан Үсенов атақты болады. Бірақ бұл басты нәрсе емес. Химик өз сөзімен павлодарлық мұғалімдерге оқуды өз хоббиімен және оқушылардың қызығушылықтарымен ұштастыруға болатынын жеткізуге тырысты.
Ол Президенттің қабылдауында болып, қазақстандық «Forbes» журналының мұқабасынан бір-ақ шығады.
«Мәселе оқытудың әдіс-тәсілінде емес. Мұндай әдіс-тәсілдер қазір неге керек деген сауалда. Менің айтпағым – кімге болса да, баланың жан-дүниесін түсінуге тырысу қажет. Әр баланың ішкі сезім күйі, уайымы мен өкініші, қуанышы мен қорқынышы бар. Соны таба білу, баламен сырласа білу – ата-ананың да, ұстаздың да міндеті, менің ойымша. Баланың сол күйімен санаса білген жөн. Жеке тұлға ретінде қабылдап, ойын ескерген абзал. Баланы сынағаннан бұрын қолдаған дұрыс деп білемін. Әр нәрсені, өз білгенімізді тықпалап қажет емес. Осыны жеткізгім келді сөзімде», - дейді ол.
Айта кетейік, Павлодарда «Amansultan AI Mugalim: белгісіз болашаққа арналған белгілі дағдылар» фестивалі өтуде. Онда жасанды интеллекті оқу үдерісіне белсенді түрде енгізу, жаңа ұрпақ балаларының қажеттіліктерін ескере отырып педагогикаға жаңаша көзқарас қалыптастыру тақырыптары талқылануда.