Екібастұзда мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі анықталды
Байқауға мектепке дейінгі ұйымдардан 15 педагог қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, «Қайнар» ҚББ базасында мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің арасында ағымдағы жылдың «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» атты республикалық конкурстың қалалық кезеңінің марапаттау кезеңі өтті.
Жарыс мектепке дейінгі ұйым педагогінің кәсібі туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру, білім беру үдерісінің сапасына оң әсер ететін қызметті қолдау және мектепке дейінгі ұйымдардың шығармашылықпен жұмыс істейтін педагогтерін ынталандыруға бағытталған.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Конкурс нәтижесі бойынша бас жүлде иегері №8 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Сауле Молдаханова жеңімпаз атанды. Бірінші орынды Оксана Михеева №1 сәбилер бақшасы даму орталығының тәрбиешісі иеленді. Ал екінші орынды №21 ресурстық орталықтың бейнелеу өнері мұғалімі Айгерім Нұрмат Тұяққызы, үшінші орынды №23 мектепке дейінгі гимназия тәрбиешісі Каршыға Алданазарова алды.
Бұдан бөлек, «Мамандыққа адалдық» номинациясымен № 20 көптiлдiлiктi дамыту орталығы сәбилер бақшасының тәрбиешісі Жанар Ұябаева, «Зерделі ұстаз» номинациясымен №12 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Гүлмира Жақсыбекова, «Креативті педагог» номинациясымен №6 көптілдікті дамыту орталығы сәбилер бақшасының ағылшын тілі оқытушысы Құндыз Ишмаметова марапатталды.
Сондай-ақ, байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің «Екібастұз қалалық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» филиалының кәсіподақ бюджеті есебінен конкурсты өткізу бойынша қаражат бөлінді.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары облыстық жарысқа жолдама алды.