Павлодар облысында желдің екпіні секундына 30 метрден асуы мүмкін
Өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 26 қараша сағат 20:00-ден 27 қараша сағат 20:00-ге дейін өңірде оңтүстік-батыстан қатты жел соғады.
Желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетеді. Ал облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейіп, кей уақытта 30 метрден асуы мүмкін.
Қолайсыз ауа райына байланысты құтқарушылар тұрғындар мен өңір қонақтарын сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Қатты жел кезінде ғимараттардың жанында, ағаштар мен электр желілерінің астында тұрмау, сондай-ақ көшеде және жолда барынша мұқият болу ұсынылады.
