Павлодарда төрт білім беру орталығын ашқан кәсіпкер дарынды оқушыларды дайындауда
Айгүл Омарова кезінде мектепте математикадан сабақ беріп жүрген. Табысты кәсіпкерлердің қатарына қосылғанына тоғыз жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Лидер плюс» білім беру-демалыс орталығының басшысы Айгүл Омарованың арманы – балаларды мектептегі ең маңызды сынақтарға дайындау. Ол 2014 жылы оқушыларды оқытып, ҰБТ-ны сүрінбей өтуде көмек беру үшін және жалпы олардың білімдерін кеңейту мақсатында алғашқы орталығын ашады. Бірнеше жылдардан кейін кәсібі кеңейе бастайды. Бүгінде орталықтың алты бірдей филиалы жұмыс істейді: облыс орталығында – төртеу, Ақсу мен Астанада – бір орталықтан. Биыл Айгүл Омарова «DAMU» қорының қолдауымен Павлодардағы бір орталықтың ғимаратын сатып алу үшін 8% жылдық мөлшерлемемен сегіз жылға 260 миллион теңгеге несие алды.
– Бұл кәсіпкерлер үшін өте қолайлы. Мен тағы бір орталық ашып, ол жерде жөндеу жасап, материалдық-техника базасын толықтай жабдықтадым, – деді ол.
Кәсіби оқытушылар балаларды Назарбаев Зияткерлік мектебіне, «Жас дарын» мектебіне және жоғары оқу орындарға түсу үшін ҰБТ және тағы да басқа емтиханды сәтті тапсыруға дайындайды.
№25 жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алан Көшербай «Лидер плюс» білім беру-демалыс орталығына 10-сыныптан бері барып жүр. Ол ҰБТ-да химия мен биология пәндерін таңдап, білімін көтеру үшін сабақтарға қатысуда.
– Бұл жерде оқудан бөлек, достар тауып, жаңа талантты ашатын жер екеніне көзім жетті. Шыны керек, орталық менің екінші үйіме айналды, – деді оқушы. – Қазір 45 баллдан 35-37 балл алып жүрмін. ҰБТ-ны 140 баллға тапсырамын деп ойламын. Болашақта көз дәрігері болғым келеді.
Оқушыларға қолайлы жағдай жасау үшін әр орталықтың филиалында дәмхана бар. Олар сол жерде сабақтан кейін шәй немесе кофе ішіп, демалып, әңгіме-дүкен құра алады.
Оқу орталығына 1-ден 11-сыныпқа дейінгі оқушылар қатысады. Бүгінде екі мыңға оқушы «Лидер Плюс» орталығына барып жүр. Оқытушалар кәсіби, білікті мамандардан тұрады. Олардың қатарында бұрын орталықтан білім алған, содан кейін оқуға түсіп қайтадан оралып, жұмысқа орналасқан жас ұстаздар бар. Алдағы уақытта офлайн форматтан онлайнға көшу ойы бар. Оны іске асыру жұмыстары жүруде.