Павлодар облысында 50 мыңнан астам оқушы «жас тергеушіге» айналды

Павлодар облысында 50 мыңнан астам оқушы «жас тергеушіге» айналды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Рөлдік ойын балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып, адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттауға бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, өңірдің барлық мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерінде «Тергеуді Адал бала жүргізеді» атты ауқымды рөлдік ойын өтті. Жобаға 50 мыңнан астам оқушы қатысты.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» идеологиясы мен «Адал азамат» бірыңғай тәрбие тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заңға құрмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту.

Ойын барысында балалар өздерін тергеуші рөлінде сынап көрді. Олар айғақтарды жинап, құпия хабарламаларды шешті, куәгерлерден жауап алып, құқықтық жағдаяттарды саралады.

Сонымен қатар қатысушылар азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жауапты мінез-құлыққа қатысты түрлі тапсырмаларды орындады.

Павлодар қаласындағы білім беру ұйымдарында өткен кезеңде оқушылар тақырыптық кейстерді талдап, дәлелдерді салыстырып, өз шешімдерін ұсынды. Бұл олардың логикалық ойлау, командада жұмыс істеу және бастамашылдық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.

– Бала тергеу процесінің қатысушысына айналған кезде заңның, әділдіктің және жеке жауапкершіліктің маңызын тереңірек түсінеді. Осындай тәжірибелік форматтар құқықтық мәдениет пен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырады, – деді ұйымдастырушылар.

Ойын қорытындысында барлық қатысушылар «жас детектив» атағына ие болды. Ең белсенді командалар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.