Екібастұзда жаңа қойылымның премьерасы өтті
Бұл - тек екібастұздықтар ғана ойнаған алғашқы ауқымды қойылым, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, Екібастұздың «Өнер» мәдениет сарайында бұрын-соңды болмаған жергілікті өнерпаздардың қатысуымен «Бір түп алма ағашы» спектаклінің премьерасы өтті.
Аталмыш драманың авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков, ал қоюшы режиссері – Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка - драма театрының көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов.
– Бұл қойылымда тек екібастұздықтар ғана өнер көрсетті. Бізге облыстық драма театрының режиссері Әділет Ақанов көмек көрсеткен болатын. Алдағы уақытта қала тұрғындары емес, сондай-ақ ауылдық аймақтарда да өнер көрсету жоспарда бар,- дейді Екібастұз қаласы мәдениет бөлімінің басшысы Медғат Манапов.
Айта кету керек, қойылымда өнер көрсеткендердің бірі - мектепте ұстаз болса, бірі осы саланы оқып, бүгінде қаладағы мәдениет саласында жұмыс атқарып жүрген жандар.