Павлодарда баскетболдан Қазақстан Кубогінің иегері анықталды

Павлодарда баскетболдан Қазақстан Кубогінің иегері анықталды
Фото: Виктор Рябов

Өкінішке орай, шешуші кездесу павлодарлық қыздардың пайдасына шешілмеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ел Кубогінің финалында «Ertis» және «Astana Tigers-KazATU» баскетболшылары кездесті. Павлодарлықтар матчты сәтті бастағанымен, шеберлігі мен физикалық әлеуеті жағынан мығым астаналықтар тез арада басымдығын таныта білді. Елордалық қыздардың барлығы дерлік шабуылдары нәтижелі аяқталды.

Жергілікті команда да қарап қалмады. Валерия Капитонова, Тамила Жақыпова, Ксения Абдурашитова, Камиля Кауканова барын сала ойнады, жас Шакира Валиева да ешбір тайсалмастан алға қарай ұмтылды, бірақ мұның бәрі жеткіліксіз еді. Бас бапкер Жұлдыз Байдүйсенованың ақыл-кеңестері де көмегін тигізе қоймады – екі ұжымның арасындағы шеберлік айырмашылығы тым қатты көрінді. Нәтижесінде 81:56 «Astana Tigers-KazATU» пайдасына және Қазақстан Кубогі астаналық капитан Дарья Королеваның қолында. 

- Біз барынша тырыстық, әрине, көп нәрседен есе жібердік, - деді ойыннан соң «Ertis» ойыншысы Ксения Абдурашитова. – Дегенмен, жақсы ойын көрсетіп, тәуір нәтижеге қол жеткіздік. Ендігі кезде чемпионат ойындары күтіп тұр. Онда да неғұрлым жоғары орын алуға тырысамыз.

Павлодарлық қыздардың жеңіске деген құлшынысын қарсылас команданың шабуылшысы Юлия Шахова да байқады. Астаналық турнирді өткізудің жоғары деңгейі мен жылы шырай танытқан Павлодар жұртшылығына алғыс айтты.

- Қарсыласымыз жарап тұр. Оларды жарқын болашақ күтіп тұр деп ойлаймын. Бәрі жас, талантты қыздар. Команда барын салды, алайда мықтылар жеңіске жетті, - деді ол.

Ұлттық баскетбол федерациясының өкілі Марат Шәкіров қыздарға алдағы чемпионат пен плей-офф ойындарында сәттілік тілеп, Қазақстан Кубогін жабық деп жариялады. Турнирдегі үшінші орын «Aqtobe» командасыан бұйырды.

Келесі матчты «Ertis» сырт алаңда «Aqtobe» ұжымына қарсы өткізеді. Қазақстан біріншілігінің бесінші туры Щучинскіде 11-15 наурыз аралығында өтеді.

Фото: автор