Павлодарлық оқушылар қазақ халқының салт-дәстүрлерін сахналады

Павлодарлық оқушылар қазақ халқының салт-дәстүрлерін сахналады
Фото: автор

«Отбасы – тәрбие іргетасы» фестивалі өз жалғасын табуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара Павлодар облысы ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған Павлодар қаласының №35, 40, 43, 14, 18  жалпы орта білім беру мектептерінің оқушылары, ұстаздары және ата-аналары қатысты.

Фестиваль аясында қазақ халқының әдет-ғұрыптары, отбасылық дәстүрлері, тілі, тұрмыс-тіршілігі мен мерекелері таныстырылды, – дейді Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Николашина. –  Бұл бағыттағы жұмыстар ата-аналар қоғамы, мектеп оқушылары және мектеп педагогтарының арқасында жүзеге асады. Сонымен қатар, іс-шараға көбінесе басқа ұлт өкілдерінің қатысуы маңызды болып табылады. Себебі, фестивальдің басты мақсаттарының бірі - қазақ халқының мәдениетімен танысу ғана емес,  сонымен қатар, қазақ тілін насихаттау. 

Сондай-ақ, Ольга Николашинаның айтуынша, сондықтан бүгінгі фестиваль тек қана қазақ тілінде өтті.  

Облыстық Аналар кеңесі қаланың 46 мектебімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Сондай-ақ, оған Павлодар ауданының 27 мектебі мен Ақтоғай ауданының 21 мектебі қосылды.

Қаңтар және ақпан айларында өткен шараларды талдасақ, қатысушылар өзара достық қарым-қатынас орнатып, ұжым болып келіп, отбасы сияқты ауызбіршілікпен тарады, – дейді төраға орынбасары.

Қатысушылар «Көрісу күні», «Ұйқыашар», «Абысын асы», «Құдалық»    және «Наурызнама» дәстүрлерімен  барша жиылған қонақтарды таныстырып, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын көрсету, ұлтымыздың   мәдени мұрасымен таныстыру, мемлекеттік тілді құрметтеп насихаттау бойынша өзара жарысқа түсті.

Павлодар қаласының №35 мектеп оқушылары ұмытылып бара жатқан дәстүрлердің бірі – «Көрісу күні» қойылымын таңдаған.

Біз мағынасы мол, бұрынғы өкпе-ренішті кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейтін дәстүрді жаңғырту мақсатында осы қойылымды ұсындық, – дейді оқушылар.

Айта кетерлігі, фестиваль әр ай сайын өз  жалғасатын табатын болады. 

Шара  соңында қатысушылар   дипломдар және Алғыс хаттармен марапатталды. 

Жобаның қорытындысы халықаралық балалар күніне орай, 20 қараша күні шығатын болады. Сондай-ақ, бұл күні  Аналар кеңесі форумы өтеді.