Павлодарда облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы тағайындалды
Бұл қызметті маслихат депутаты атқаратын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлының қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге қала және аудандардағы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағалары мен мәдениет, тілдерді дамыту, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.
Аталмыш жиын барысында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы өңірлік филиалдың жаңа төрағасымен таныстырды. Бұл қызметке Павлодар облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер, меценат, қоғам белсендісі Асылбек Туғанбай тағадйындалды.
– Қолымыздан келгенше жақсы нәтижелерге жетеміз деп ойлаймын. Тіліміздің мәртебесін өсуіруге, өзіндік орнын табуына, баршамыз атсалысып, бірігіп жұмыс жасайтын боламыз. Маған сенім артып, қолдағандарыңызға алғысымды білдіремін, – дейді жаңа төраға Асылбек Туғанбай.
Сонымен қатар, кездесу барысында өңіріміздегі тіл саясатының жүзеге асырылуы, атқарылған шаралар туралы сөз қозғалып, қала, аудандардағы филиал өкілдеріне мемлекеттік тілге қатысты туындаған мәселелерді дер кезінде әрі оңтайлы шешу бойынша бағыт-бағдар берілді.