«Ертіс орманында» сілеусіндердің бөлтіріктері орманшылардың жүрегін елжіретті

«Ертіс орманында» сілеусіндердің бөлтіріктері орманшылардың жүрегін елжіретті
Фото:pixabay.com

Резерватта мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аңның мекендеуі тұрақты табиғи ортаның белгісі деп саналады , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Кадрларда құмды апанда жасырынып отырған қара түсті құйрықтарымен жылтыңдаған, қызғылт түсті жүні құлақтары бар үш сілеусін көрінеді. Балапандар жалғыз болды. Сілеусіндер адам көзінен тасада, жасырын жүретін аң. Олар өте сақ және жалғызбасты тіршілік иесі.

– Сілеусін – жыртқыш аң. Бөлтіріктердің дүниеге келуі – жануарлардың өздерін қауіпсіз сезінетін, тіршілігі тұрақты табиғи ортаның белгісі. Соңғы санақ бойынша резерватта олардың саны 75 деп есептеледі, – деді резерватта. 

Кәдімгі сілеусін— мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Ол Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарындағы орманды, таулы, ну-тоғайлы жерлерде кездеседі, соның ішінде «Ертіс орманды» өңірі, Алтай, Тарбағатай, Сауыр, Жоңғар Алатауы мен Сарыарқа ормандарында тіршілік етеді.

Салмағы 15–30 келіге дейін жетеді. Денесінің  ұзындығы: 80–130 сантиметр, құйрығы қысқа болады (15–20 см).  

– Сілеусіндердің түсі сарғыш сұр не сұрғылт, қара дақтары болады. Құлақтарында қара шашақтары бар, есту қабілеті өте жақсы. Көздері түнде өте жақсы көреді, – деді резерват мамандары.  

Кәдімгі сілеусін көбінесе қалың ормандарда, бұталы, жартасты, тасты жерлерде, ағаштардың арасында, тоғайлы бұлақтар маңында мекендейді.

Сілеусін — етқоректі аң, сондықтан негізгі қорегіне қояндар, бұлан, елік, маралдың бұзауы, сарышұнақ, тышқан, тиін, құстар жатады. Кейде қой, ешкі сияқты үй жануарларына да шабуыл жасауы мүмкін.

Сілеусін көбіне түнде немесе ымыртта аң аулайды. Ол жасырынып келіп, бірден тап беріп, жемтігін тамағынан алып тұншықтырып өлтіреді.