Павлодарда жылу желісіндегі ақаудан аяғы күйген ер адамның жағдайы белгілі болды

Павлодарда жылу желісіндегі ақаудан аяғы күйген ер адамның жағдайы белгілі болды
Фото: жасанды интеллект

Оқиға Генерал Дүйсенов көшесінде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Генерал Дүйсенов көшесі, 10-үй маңында ер адам жаяу жүргіншілер жолының бір бөлігіндегі ыстық суға құлап, тізеден жоғары аймағынан екінші-үшінші дәрежелі күйік алған. Дәрігерлер денесінің жеті пайызы зақымданғанын анықтады. Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

«Павлодар жылу желілері» ЖШС өкілдері оқиғадан хабардар болғанын және зардап шеккен азаматпен бірден байланысқа шыққанын мәлімдеді.

– Бұл аумақта диаметрі 219 миллиметр болатын құбыр өтеді. Ол арнасыз тәсілмен төселген. Осы учаскедегі соңғы ақау бес жыл бұрын гидравликалық сынақ кезінде анықталған, – деді кәсіпорын директоры Анатолий Моисей.

Оның айтуынша, оқиға болған күні кәсіпорын өкілдері ер адам жатқан ауруханаға барып, оған материалдық көмек көрсеткен.

– Зардап шеккен азаматқа қажетті материалдық көмек толық берілді. Оның бізге қоятын талабы жоқ. Қажетті шығынды өтедік. Ал алдағы ем-домына қатысты жауапкершіліктен де бас тартпаймыз, – деді кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорын мәліметінше, оқиға гидравликалық сынақтарға байланысты болмаған. Бұл аумақта жылумен жабдықтау жүйесінің гидравликалық режимі жұмыс істеп тұрған.

Оқиғадан кейін зақымданған құбыр учаскесі ауыстырылып, аумақтың абаттандыру жұмыстары қайта қалпына келтірілді.

Анатолий Моисейдің сөзінше, қазір ыстық сумен жабдықтау жүйесінен шығатын судың температурасы шамамен 65 градус. Ал қыс мезгілінде жылу тасымалдағыштың температурасы ауа райына қарай реттеледі. Оның ең жоғары көрсеткіші 110 градусқа дейін жетеді.