Павлодарда «Түркиядан келген аса қауіпті науқас» оқшауланды (ВИДЕО)
Сапаржайда қауіпті инфекцияға қарсы тактикалық оқу-жаттығу шаралары өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Оқу-жаттығу сценариіне сәйкес, 27 сәуірде сағат 15.00-де «Автовокзалсервис» ЖШС автовокзалына Астана - Өскемен бағыты бойынша жүретін жолаушылар автобусы келді. Жолда жолаушылардың бірінің дене қызуы көтеріліп, басы ауырды, мұрнынан қан кетіп, іші өтті, құсу мен әлсіздікке шағымданды. Сауалнама барысында жолаушының Түркиядан келе жатқаны анықталды, бұдан әрі жүргізуші автовокзалдың диспетчеріне хабарласады.
Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері, аға лейтенант Айтжан Дәулеттің айтуынша, мұндай шара үш жылда бір рет ұйымдастырылады. Оған жедел жәрдем, төтенше жағдай департаменті, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен полиция қызметкерлері қатысты.
– Өткен жылғы оқу-жаттығу жақсы деп бағаланған болатын. Себебі, қызметкерлер жоспарға сәйкес төтенше жағдайдың алдын алды. Оқу-жаттығу арнайы сценарий бойынша өткізіледі. Автовокзал қызметкерлері індеттің белгілерін білген соң жедел жедел жәрдем, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының қызметкерлері, полиция қызметкерлерін шақырады, – дейді Айтжан Дәулет.
Ақ желеңділер мен эпидемиологтар «аса қауіпті инфекция жұқтырған» адамды автобустан қарсы алып, бетперде кигізді. Әрі қарай жедел жәрдем бригадасына тапсырып, тәртіп сақшыларының ілесіп жүруімен ауруханаға алып кетті.
Айта кету керек, биылғы жылы төрт тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Мақсат Көлтайұлы
Посмотреть эту публикацию в Instagram