«Ертісте» не болып жатыр?

«Ертісте» не болып жатыр?
Фото: «Оқжетпес» ФК

Павлодар футбол клубындағы өзгерістер жанкүйерлерді алаңдатып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық «Ертіс» футбол клубындағы жағдай соңғы күндері жанкүйерлер мен футбол мамандары арасында қызу талқылануда. Команда төңірегінде кадрлық өзгерістер жиілеп, трансферлік жаңалықтар бірінен соң бірі жарияланып жатқандықтан, көпшілік «Клубта не болып жатыр?» деген сұрақ қоюда.

Ең алдымен, Қазақстан Премьер-лигасының 18-туры аясында 19 шілдеге жоспарланған «Ертіс» – «Астана» матчы кейінге шегерілді. Мұндай шешім елордалық клубтың еурокубок ойындарына қатысуына байланысты қабылданды. Кездесудің жаңа күні кейінірек белгілі болады.

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында команда құрамына қатысты түрлі ақпарат тарауда. Kpl.kz мәліметінше, сербиялық шабуылшы Деян Видич «Ертіспен» келісімшартын өзара келісім бойынша бұзған. Ол павлодарлық клуб сапында небәрі екі матч өткізіп, барлығы 49 минут алаңда болды. Оның Павлодарға келгеніне небары 12 күн ғана болған.

Сол басылымның хабарлауынша, клуб құрамын 27 жастағы канадалық шабуылшы Олувабори Фалайе мен «Каспийден» ауысқан 21 жастағы қазақстандық жартылай қорғаушы Давид Есімбеков толықтыруы мүмкін. Алайда бұл трансферлерге қатысты клуб әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Ал ресми түрде расталған жаңалықтардың бірі – украиналық тәжірибелі қақпашы Богдан Сарнавскийдің «Ертіс» ойыншысы атануы. 31 жастағы футболшы кәсіби мансабында Украина чемпионатында өнер көрсетіп, халықаралық тәжірибе жинаған.

Осы күндері клуб бірнеше ойыншымен қоштасты. Командадан Мирас Оматай, Самат Жарынбетов, Арсен Буранчиев және Данила Нечаев кетті. Нечаев бұрынғы командаластары Владислав Климович пен Павел Седько секілді ақтаулық «Каспийге» ауысты.

Бір қызығы, Павлодарда жиі сынға ұшыраған Климович пен Седько жаңа клубында мүлде басқа қырынан танылып келеді. Екеуі де гол соғып, нәтижелі пас беріп, «Каспийдің» маңызды ойыншыларына айналды. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі бұл жағдайды: «Ертісте Месси де өз деңгейін көрсете алмас еді» деп пікір білдірген. Мұндай салыстыру эмоцияға құрылғанымен, соңғы жылдардағы үрдіске назар аудартпай қоймайды.

Бұған дейін де Александр Кульчий, Дарко Малетич, Аристид Бансе секілді танымал футболшылар «Ертіс» сапында ойнағанымен, өздерінің ең үздік ойындарын басқа клубтарда көрсеткен болатын. Сондықтан бүгінгі жағдай жанкүйерлер арасында клубтағы ішкі үдерістерге қатысты түрлі сауалдардың туындауына себеп болып отыр.

Айта кетейік, «Ертістің» 18-турдағы кездесуі кейінге шегерілгенімен, Қазақстан Премьер-лигасының тур ойындары жалғасады. 18 шілдеде бес матч өтеді. Солардың ішіндегі ең қызықтысы – «Оқжетпес» пен «Жетісу» арасындағы кездесу. Соңғы апталарда қос команда да қарқынын бәсеңдетіп, бірнеше сәтсіз ойын өткізді. Ал «Жетісудың» бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов «Алтайдан» күтпеген жеңілістен кейін жанкүйерлермен сөзге келіп, көпшіліктің назарын аударған еді. Бұл матч 17:00-де басталады.

Ал 19 шілдедегі турдың басты ойыны – «Ордабасы» мен «Елімай» арасындағы кездесу. Ойын сағат 21:00-де өтеді. Екі матч та QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.