Павлодарлық құтқарушылар футболда жеңістерімен таң қалдыруда
Әуесқой футбол лигасында ТЖД командасы жеңістер сериясымен көш бастап, жүлделі орындарға үміткер атанып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері футбол алаңында да өздерінің шеберліктерін көрсетуде. «Алау» командасы әуесқой футбол лигасының қысқы маусымында бірқатар жеңістерге жетіп, турнир кестесінің көшін бастап келеді.
– Өрт сөндірушілердің күнделікті жұмысы физикалық тұрғыдан үлкен дайындықты қажет етеді. Осыған орай облыстық ТЖД тұрақты түрде спорттық іс-шараларға қатысып, қызметкерлердің физикалық дайындығын арттыруға баса мән береді, – деді ведомствоның баспасөз қызметі.
«Жастар» әуесқой футбол лигасының қысқы маусымына 20 команда қатысып жатыр, олар екі топқа бөлінген. ТЖД атынан жарысқа қатысып жатқан «Алау» командасы кезекті жеңістерінің арқасында жүлделі орындарға үміткер ретінде танылуда. Финалдық ойындар наурыз айында өтеді.
Фотосуреттерді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ұсынды