Ертісті ауданында зейнеткер мас күйде мектеп қоршауын қаққан

Ертісті ауданында зейнеткер мас күйде мектеп қоршауын қаққан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сот шешімімен құқық бұзушыға ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық сот көлік жүргізу құқығы жоқ және мас күйде автокөлік басқарған 63 жастағы зейнеткерге қатысты әкімшілік істі қарады.

Оқиға 2026 жылғы 6 мамырда Майқоңыр ауылында болған. Азамат С. алкогольдік масаң күйде «Волга» маркалы көлігімен келе жатып, Майқоңыр орта мектебінің қоршауын қағып, материалдық шығын келтірген. 

– Сот отырысында құқық бұзушылықтың күндізгі уақытта орын алғаны және көлік жүргізушісінің мектеп ауласына кіре берістегі қоршауды зақымдап, оқушылардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіргені анықталды, – делінген хабарламада.

Сот материалдары мен айыпталушының өз кінәсін мойындауын ескере келе, азамат С. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 8-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды. Заңнамаға сәйкес, 63 жастан асқан азаматтарға әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылмайтындықтан, сот оған 200 АЕК көлемінде, яғни 865 мығ теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.