Павлодар облысында білім беру ұйымдарындағы үздік жас басшы анықталды
Аталмыш байқауға өңірдегі мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру ұйымдарының, мамандандырылған мектептердің 24 басшысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім беру басқармасының мәлімдеуінше, облыстағы білім беруді дамытудың инновациялық орталығы Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының қатысуымен «Мен-ресми және бейресми көшбасшымын» атты кәсіби байқауының күндізгі турын өткізді.
Техникалық сараптамаға мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру ұйымдарының, мамандандырылған мектептердің 24 басшысының кейстері ұсынылды. Іріктеу кезеңінде «Менің сәттілік формулам» тақырыбында 24 эссе қаралды. Қатысушылардың шығармашылық жұмысы белгілі бір дәрежеде оның басқару қызметінің негізгі бағытын, кәсіби тәжірибенің квинтэссенциясын көрсетті. Қатысушыларға эсседе қызмет тәжірибесіндегі заманауи менеджмент мәселелерін және оларды шешу жолдарын ашуға ерекше талап қойды. Белгіленген талаптарға сәйкес келетін 9 жұмыстың авторы қорытынды кезеңге жолдама алды. Қатысушылар М.Катаев атындағы оқушылар сарайында өз жұмыстарын қорғады. Олардың арасынан дараланған білім беру ұйымдарының 5 басшысы «Жауап бар!» зияткерлік сайысында бақ сынады.
Осылайша, «Мен-ресми және бейресми көшбасшымын» облыстық байқауының Бас жүлдесін Павлодар қаласының № 2 ЖОББМ басшысы Гүлшакер Белгібаева еншіледі. Ал І орынға Павлодар қаласының 17 ЖОББМ басшысы Роза Досанова лайық болса, ІІ орынға Павлодар қаласының «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің басшысы Гүлнәр Жанғазы тұрақтады. Ал жүлделі ІІІ орынды Павлодар ауданының Достық НЖББМ басшысы Ұлан Нортыбай мен Баянауыл ауданы, Майқайың кентінің №2 ЖОББМ басшысы Жанар Жұмағұлова өзара бөлісті.
Байқау жүлдегерлеріне кәсіподақ ұйымынан дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.