Павлодар облысында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл қызметінен босатылды
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл арасында жасалған меморандумның қолданылуы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, осыған байланысты Наталья Покидова атқарған қызметінен босатылды.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың өкімімен Сәуле Шәкенева бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл болып тағайындалды.
Ол 1970 жылы туған. 1992 жылы Павлодар педагогикалық институтын «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Павлодар қаласында №26 ЖОББМ мұғалімі болып бастаған.
1994-2012 жылдар аралығында құқық қорғау органдарында жұмыс істеді. Полиция подполковнигі атағы бар.
2022 жылдан бастап «Отбасы және балалар. Павлодар» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы болып табылады.
Екі бала тәрбиелеп отыр.