Павлодар облысында оқу ордаларының маңында полицейлер күн сайын кезекшілік етеді

Олар балалар, оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігіне жауапты болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде 360-тан астам мектеп бар, соның ішінде жеке білім ордаларының да жол инфрақұрылымы толық тексеріліп, жол белгілері, жасанды кедергілер мен жаяу жүргінші жолақтары жаңартылды. Сонымен қатар бейнекамералардың жұмысы, қауіпсіздік батырмалары, турникеттер мен күзет қызметінің жағдайы да назардан тыс қалмады.
Полиция департаменті бастығының бұйрығымен әрбір мектеп пен колледжге жауапты полиция қызметкерлері бекітілді. Олардың қатарында жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар және ювеналды полиция инспекторлары бар.
– Таңғы сағат 07:30-дан бастап патрульдік полиция батальоны қызметкерлері мектептердің маңында кезекшілікке қойылады. Бұл оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара. Кезекшілік жазғы демалысқа дейін жалғасады, – деді Павлодар облыстық полиция департаментті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының м.а. Азамат Күркебаев.
Оның айтуынша, полицейлер тек жол қозғалысын қадағалап қана қоймай, тәртіп бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу үшін оқу орындарында профилактикалық сабақтар өткізеді. Әрбір мектепке жауапты инспекторлар бекітіліп, балаларға жол ережесін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ студенттік жатақханалардың қауіпсіздігі де бақылауға алынған. Торайғыров университеті мен барлық технологиялық колледждердің маңында патрульдік нарядтар кезекшілік етеді.
– Біздің басты мақсатымыз – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Жол апаттарының алдын алып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылыққа жол бермеу – полицияның басты міндеті, – деп атап өтті Азамат Күркебаев.
Айта кетейік, облыстағы жол қозғалысы жас инспекторлары командалары да агитациялық жұмыстарға белсене қатысып, оқушыларға жол ережесін насихаттауды жалғастырады.