Павлодарлық полицейлер ойын-сауық мекемелердің антирейтинг тізімін жасады
Биыл «102» арнасына кафелер мен барлардан 500-ден астам шақыру келіп түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, талдау бөлімшесі «102» арна арқылы келіп түскен құқық бұзушылық туралы сигналдар бойынша ойын-сауық және көңіл көтеру мекемелерінің қауіпсіздік деңгейін бағалау өлшемшарттарын зерделеп, мониторинг жүргізді.
– Биыл полицияға әртүрлі сипаттағы 93 мыңнан астам хабарлама келіп түсті, оның ішінде соңғы үш айда 25 мыңға жуық қоңырау болды, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Антирейтинг тізіміне облыс орталығының сегіз ойын-сауық орны кірді: «Аликор» кафесі 21 хабарлама, «Камелот» кафесі 20 хабарлама, «Босфор» мейрамханасы мен «Гоголь» барынан 14 қоңырау, «Ветер» кафесі 13 қоңырау, «Дипломат» мейрамханасы және «Поляна» кафесі 12 хабарлама, және «Альфа-Т» кафесінен-10 қоңырау.
Жергілікті полиция қызметі аталған мекемелердің атына құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс жолдады.