Жүрегі ұлғайған: Павлодарда жол апатына түскен зейнеткерге қымбат ота тегін жасалды
Ақ халаттылар бұл дерттің алдын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен жылдың желтоқсан айында 63 жастағы қала тұрғыны жол апатына түсіп, №1 қалалық ауруханасында емделген. Сол жақ жамбасының жабық және ашық ығысқан сынықтары, екі өкпенің соғылуы, травматикалық шок диагноздары қойылған болатын. Ағымдағы жылдың 10 қаңтарында ентігу маза бермей, дерт күшейе түскен.
– Келесі күні науқас кардиология орталығының қабылдауында болған. Кеуде қуысының КТ-да контрастпен тексеру кезінде өкпе тромбэмболиясының белгілері анықталды. Оң жақ өкпе сегментінің инфаркт пневмониясы, жүректің оң жақ қарыншасында қан ұйығышы, жүректің оң жақ бөлігінің ұлғаюы байқалған, – дейді басқармада.
Нәтижесінде науқасқа хирургиялық ем – тромбэктомия жасалды. Өкпе артерияларынан ірі қан ұйығыштары алынды. Операциядан кейін жүрек пен өкпенің демалуы және аурудан айығуы үшін науқас уақытша орталық тамыр-артериялық ЭКМО-ға қосылды.
Бүгінде науқас мамандандырылған бөлімшеде, өзін жақсы сезіненді және шығуға дайындалуда. Қымбат емдеу жұмыстары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілді.
Айта кету керек, елімізде ашық әдіспен өкпе артериясынан тромбоэкстракция тек қаламыздағы орталықта ғана жүргізіледі. Жергілікті ақ халаттылар мұндай отаны 2021 жылдан бері жасап келеді. Бүгінгі таңға дейін 40-қа жуық тромбоэкстракция жасалған.