Павлодар облысында екі ауданның соты біріктіріледі

Сондай-ақ, бірқатар соттың атауы өзгертілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаменті Президенттің 2025 жылғы 10 ақпандағы № 778 Жарлығымен Ақсу қалалық соты және Май аудандық сотын біріктіру жолымен Ақсу қаласының ауданаралық соты болып қайта ұйымдастырылғанын хабарлайды.
Жақын арада екі сотты біріктіру бойынша барлық ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Май ауданы, Көктөбе ауылы, Сыздықов көшесі, 1 мекенжайында орналасқан әкімшілік ғимаратындағы сот отырысы залдары мен сот кеңсесі қалыпты тәртіпте жұмысын жалғастырады.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 ақпаннан бастап таратылған сотқа электронды құжаттарды беру үшін сот кабинетіне кіру жабық болады.
Сонымен қатар, қалалық сотының атауы Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты, қалалық № 2 сотының атауы Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты, қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының атауы Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, қалалық мамандандырылған тергеу сотының атауы Павлодар қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты болып өзгертілді.