Екібастұзда әр отбасының бейнесін айқындайтын чек-парақ құрастырылды

Екібастұзда әр отбасының бейнесін айқындайтын чек-парақ құрастырылды
Фото:pixabay.com

Бұл комиссия мүшелеріне баланың қандай ортада тәрбиеленіп жатқанын көрсетуге көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиеваның айтуынша, өткен жылдың тамыз айында отбасылық қарым-қатынас тақырыбын тұрақты бақылау және жедел шешім қабылдау мақсатында чек-парағы әзірленді. 

– Рейдтік іс-шаралар кезінде чек-парақ бойынша  баланың тұрмыстық жағдайын бірден анықтап аламыз. Нақты айтқанда, әр отбасының бейнесін анықтайтын негізгі құжат құрастырдық. Ата-аналардың еңбекке қабілеттілігін, мүгедектіктің бар-жоғын, баланың кіммен бірге тұратынын қараймыз. Тәуекел аймағына енгізілген отбасылар ерекше қадағаланады. Кейбір балалар өгей әке-шешесінің қолында тәрбиеленеді. Сондықтан  барлық тәуекелдерді жан-жақты және объективті түрде қарастыру біз үшін өте маңызды, – деді Бибігүл Иманғалиева.

Оның сөзінше, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша заңнамалық деңгейде көптеген өзгерістер бар.

– Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның көптеген көшпелі отырыстары жүргізіледі. Өткен жылы 10-нан астам отырыс өтті. Биыл 11 көшпелі отырыс болады деген жоспар бар. Мүдделі органдармен бірлесе отыра рейд өткізетін боламыз. Ай сайын тәуекел аймаққа жататын балалардың санын айрықша өзгертіп, актуалды өзектендіріп отырамыз, – деді Бибігүл Иманғалиева.

Ауылдық аймақтарда қазіргі уақытта осы соңғы екі жылдың ішінде қылмыстық істер қозғалмаған.

Шенеуніктің пайымдауынша, тиімді әрі сапалы механизмдердің бірі – ПИК-пен жұмыс істеу. Жеке меншік үйлер иелерінің кооперативтерімен бірге құрылған WhatsApp чаты арқылы өмірлік қиындыққа тап болған адамдардың жағдайлары өтінім арқылы әкімдікке жолданады. Тіпті, балаларының қамқорлығынсыз қалған үлкен адамдар да осы чатқа өтінім жолдай алады. Өткен жылдың тамыз айынан бастап биылғы жылдың қаңтарына дейін 59 өтінім түсті. Оның ішінде өмірлік қиындыққа тап болған балаларға қатысты тоғыз жағдай дәлелденді. Барлық ақпарат кәмелетке толмаған жөніндегі комиссия мүшелерімен бірге жедел түрде талқыланады.