Павлодар облысында қысқы жол күтіміне дайындық тексерілді

Павлодар облысында қысқы жол күтіміне дайындық тексерілді
Фото: Жол активтерінің ұлттық сапа орталығынан

Жол қызметтері алдағы қыс маусымына дайындықты пысықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының мамандары Төтенше жағдайлар департаменті, «ҚазАвтоЖол» АҚ, «КАЖсервис» ЖШС және Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп, жол-пайдалану учаскелерін комиссиялық тексеруден өткізді.

Мамандар тексеріс барысында қатты отынның жеткілікті қоры, қазандықтардың дайындығы мен көктайғаққа қарсы материалдардың әзірлігін басты назарға алды.

Көпжылдық бақылау деректеріне сәйкес, облыста ұзындығы 170 шақырымнан асатын 138 қар басатын учаске бар. Қардың жиналуын болдырмау үшін биыл жалпы ұзындығы 2210 шақырым болатын қар ұстау орлары мен біліктері жасалады. Сондай-ақ 4908 метр ағаш қалқандар орнатылып, 31 мың метрден астам темірбетон тосқауылдар дайындалған.

2025-2026 жылғы қыс маусымына дайындық аясында 39 мың шаршы метрге жуық жол жамалса, бұталар мен орман алқаптарын тазалау жұмыстары бес шақырымға созылды. Жол жиегіндегі шөп шабу 1400 шақырымнан астам аумақты қамтыды.

Бүгінде өңірде 14 өндірістік база, 10 жылыту пункті және 12 қазандық қысқа толық дайын. Барлық арнайы техника тексерістен өтті.

– Қысқы маусымда жол қозғалысының қауіпсіздігі ең басты назарда болады. Барлық қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді, – дейді мамандар.

Айта кетейік, республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 317 жол жұмысшысы мен 141 бірлік қар тазалау техникасы жұмылдырылған.