Павлодар облысында найзағай салдарынан орман өрттері көбейді
Бұл көрсеткіш сексен пайыздан асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақтың мемлекеттік орман қоры шамамен 473 мың гектарға жуық аумақты құрайды, оның 300 мың гектардан астамы орманмен көмкерілген. Бұл облыс аумағының шамамен екі пайыздан сәл астамы ғана.
Биыл облыста өрт қауіпті кезеңі сәуірдің басында жарияланды. Сол уақыттан бері орман қорында жүзге жуық өрт тіркелді. Бұл – былтырғы көрсеткіштен екі есе көп. Соған қарамастан, биыл өрт шарпыған аумақ бар болғаны жүз гектар шамасында болды. Оның 40 гектары – орманды жер. Былтыр бұл көрсеткіш бес мың гектардан асқан еді. Яғни, өрт саны көбейсе де, олардың таралу аумағы айтарлықтай қысқарған. Мамандар мұны өртті ерте анықтау, жедел сөндіру және бақылау жүйесінің жақсаруымен байланыстырады.
– Өрттердің басым көпшілігінің себебі – найзағай. Жүз жағдайдың 87 дәл осы табиғи құбылысқа байланысты болған. Тұрғындар кінәсі кездескен жағдайлар өте аз: бар-жоғы төрт оқиға. Үш жағдайда дала өрті орманға өткен, тағы үш өрттің себебі анықталмаған, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елюбаев.
Өңірдегі ең күрделі жағдай «Ертіс орманы» табиғи резерватында тіркелді: мұнда 80 өрт шыққан. Олар шамамен 37 гектар жерді шарпыған, ал орманды алқаптағы шығын тоғыз гектардан сәл асады. Баянауыл ұлттық паркінде 11 өрт саябақтың шамамен отыз бес гектар аумағын зақымдады. Ал облыстық үш орман мекемесінде тоғыз өрт болып, жалпы 36 гектардай жер өртенген.