Павлодар мектебінде жасанды интеллект төбелес пен қаруды өзі анықтайды

Павлодар мектебінде жасанды интеллект төбелес пен қаруды өзі анықтайды
Фото: Есенжол Исабек

Өңірде жасанды интеллекті бар бейнекамералар сынақтан өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының мектептерінде қауіпсіздікті арттыру мақсатында бейнебақылау жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Елнар Өтебаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда білім беру ұйымдарында ескі аналогтық камераларды заманауи цифрлық камераларға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Цифрлық камералар жоғары сапалы бейнежазба жасап қана қоймай, деректерді сақтау үшін аз көлемдегі жадты қажет етеді. Соның арқасында бейнематериалдарды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, Павлодардағы №48 мектепте жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған бейнекамералар пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жоба «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асырылуда.

– Жасанды интеллект жүйесі адамның тұрақты бақылауынсыз жұмыс істейді. Камералар буллинг, төбелес, адамдардың жаппай жиналуы немесе қару алып кіру секілді қауіп-қатер белгілерін автоматты түрде анықтап, мектеп әкімшілігіне және білім беру органдарына жедел хабарлама жібереді. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, оны алдымен Павлодар қаласының мектептеріне, кейін облыс көлемінде енгізу жоспарланып отыр, – деді Елнар Өтебаев.

Маманның айтуынша, биыл жүйенің жұмысы бірнеше рет арнайы тексерілген. Мамандар ойыншық қаруды алып кіру және оқушылар арасындағы төбелес көріністерін әдейі ұйымдастырып, жүйенің реакциясын бақылаған. Сынақ барысында жасанды интеллект барлық жағдайды дұрыс анықтап, белгіленген тәртіп бойынша дабыл берген.

Алайда пилоттық жоба іске қосылғалы бері №48 мектепте нақты қауіп-қатерге байланысты оқиғалар тіркелмеген.

Бейнекамералар негізінен мектептердің дәліздерінде, рекреациялық аймақтарда, баспалдақ алаңдарында және кіреберіс топтарында орнатылған. Сондай-ақ санитарлық тораптарда түтін датчиктері қарастырылған. Түтін анықталған жағдайда жүйе автоматты түрде жауапты қызметтерге хабар береді.

Жоба мектептердегі қауіпсіздікті күшейтіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар облысының бірқатар мектебінде жасанды интеллект пәні оқытыла бастайды. Алғашқы кезеңде жаңа пән бес ауылдық мектепте оқытылады. Аталған мектептердің 4-сынып оқушылары үшін арнайы оқу бағдарламалары мен курстар әзірленді. Жобаға Павлодар ауданындағы Бірлік мектебі, Железин ауданындағы Моисеевка мектебі, Аққулы ауданындағы Тілектес мектебі, сондай-ақ Ақтоғай және Ертіс аудандарындағы мектептер қатысады.