Павлодар облысында оқушылардың мүддесін қорғайтын жас омбудсмендер тағайындалды

Павлодар облысында оқушылардың мүддесін қорғайтын жас омбудсмендер тағайындалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар мемлекеттік және қоғамдық деңгейде өз қатарластарының мүдделерін жақтайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде мектеп парламенттері мен балалар қозғалысының көшбасшылары арасында балалар омбудсмендерін сайлау өтті. Іріктеу нәтижесінде Республикалық кеңес құрамына еліміздің түкпір-түкпірінен 40 жас құқық қорғаушы қабылданды. Енді олар Қазақстанның барлық өңірлерінде оқушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға атсалыспақ.

– Мектеп оқушыларының омбудсмендерінің жұмысы балалардың құқықтарын қорғап, оқушылар арасында салауатты қарым-қатынасты қалыптастырады. Балалар омбудсмендері оқушылар және мектеп әкімшілігі мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарады. Ұлттық омбудсмендер кеңесінің құрамына кіретін балалар омбудсмендерін сайлау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең мектептерде 10-сынып оқушылары арасында өтті. Екінші кезең қалалар мен аудандардан келген финалистер арасында өтті, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінде.

Сайлау қорытындысы бойынша Павлодар қаласындағы Малайсары батыр атындағы мектептің оқушысы Балнұр Ержанқызы мен Екібастұз қаласындағы №24 мектеп-гимназиясының оқушысы Бинұр Темірбекова балалар омбудсмендері болып тағайындалды.

Басты назар балалардың өзін-өзі басқару дағдыларын дамытуға, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, жас омбудсмендер бала мүддесін ескеретін мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді.