Павлодарда Ақсу қаласының Құрметті азаматы туралы фильм таныстырылды
Картинаның көрсетілімі Отбасы күніне орайластырылды. Фильм кейіпкері, суретші Өсербай Шорановтың үш баласы мен он бес немересі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық өнер мұражайында суретші Өсербай Шоранов туралы фильмнің тұсаукесері ұйымдастырылды.
Өсербай Аманжолұлы Шоранов – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы өнер академиясының академигі, Павлодар облысының Суретшілер одағының төрағасы, Ақсу қаласының Құрметті азаматы.
Суретші 1952 жылы 15 қазанда Ақсу ауданы Грязновка ауылында (қазіргі Мәмәйіт Омаров атындағы ауыл) дүниеге келген. Ол бала кезінен сурет салған. Шығармашылық сабақтарда өзінің шеберлігін көрсетіп, қабырға газеттерін шығаруды жақсы көрген. Орта мектепті бітіргеннен кейін өз өмірін кескіндемеге арнайды.
– Бұл – менің шығармашылығым туралы фильм. Қатты қуанып қалдым. Өнерге енді ғана кірісіп келе жатқан жас суретшілерге пайдалы болады деп үміттенемін. Мәдениет басқармасына, мұражай ұжымына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, – дейді суретші.
Спикердің сөзінше, фильмде суретшінің шығармашылық жолы көрсетіледі, қандай көрмелерге қатысқаны туралы айтылады. Биыл айтулы оқиға – белгілі суретші Н.Нұрмұхаммедовтың жүзжылдық мерейтой күтілуде. Аталмыш мерекеге бес елдің суретшілері келеді. Сондай-ақ, елдің ең жақсы суретшілері жиналады, павлодарлық шеберлер де қатысады.
– Біздің міндетіміз – Павлодар облысының тарихи тұлғаларының бейнелерін жаңғырту. Қазіргі таңда павлодарлық суретшілер Қаныш Сәтбаевтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, Әлкей Марғұланның портреттерін жасап жатыр, – дейді ол.
Өсербай Шорановтың айтуынша, оның туындылары туған балалары сияқты. Әрқайсысына жанының бір бөлігін салады. Оның шығармашылық жұмыстары 1978 жылдан бастап облыстық, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қойылды. Суретші – халықаралық пленэрлер мен симпозиумдардың қатысушысы.
Айта кетейік, танымал суретшінің шығармалары Қазақстан, Ресей, Грузия, Италия, Франция, Югославия, Германияның мұражайлары мен жеке коллекцияларында бар.