Ертіс ауданында көршісін туған күнге шақырған тұрғынға айыппұл салынды
Ауыл тұрғыны түн ортасында көршісінің терезені қағып, ұйқы бермегенін айтқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс ауданының тұрғыны сағат 00:30 шамасында көршісінің маза бермегені жайлы хабарлаған.
– Құқық бұзушы шақыруға келген тәртіп сақшыларына ұлының туған күнінде көршісін қонаққа шақыруға барғанын, бірақ уақыттың кеш болып кеткенін ескермегенін түсіндірді, – деді Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуат Түсіпбеков.
Полицейлер ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері 2000 азаматқа қатысты тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылған.
Айта кетейік, ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес жұмыс күндері сағат 22.00-ден 09.00-ге дейін және демалыс күндері сағат 23.00-ден 10.00-ге дейін шу шығаруға тыйым салынады.
Бұзақылық үшін жеке тұлғаларға - 5 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 20, орта кәсіпкерлік ұйымдарыға - 30, ірі кәсіпкерлік ұйымдарға 100 АЕК айыппұл салынады.