Павлодар облысында ауыл тұрғыны көршісінің атынан онлайн-несие алған

Павлодар облысында ауыл тұрғыны көршісінің атынан онлайн-несие алған
Фото: Константин Шелков

Зейнеткер алаяқтың құрбаны болғанын білгенде тәртіп сақшыларына жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шілденің 5-і күні аудан ауылдарының бірінде зейнетке шыққан тұрғынға шағын несие ұйымынан қоңырау шалып, 175 мың теңге сомасында несие бойынша қарызды төлеуді талап еткенде таң қалғанын айтқан. 

Полицейлер ауыл тұрғынының атынан банктің  қосымшасы арқылы онлайн-несие ресімделгенін, қосымшаны басқа телефонға алдын ала орнатылғанын анықтады. Сондай-ақ жәбірленуші деректер мен фотосуретті өзі бергені белгілі болды. Себебі  телефонында интернет-банкинг орнатуға келмейді деп ойлаған. 

–  Ауыл тұрғынының атына банктің  қосымшасы арқылы онлайн-несие ресімделген. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру іс-шаралары барысында   күдіктіні анықтап, ұстады. Ол жәбірленушінің көршісі болып шықты, –  дейді департаментте. 

Полиция қызметкерлері соңғы уақытта алаяқтар азаматтарды алдаудың әртүрлі схемаларын қолданатынын айтады. Олар банк қызметкерлерінің, полицияның, медицина қызметкерлерінің, әлеуметтік қызметкерлердің атын жамылып, қоңырау шалады. Кейін адамдардың сеніміне кіріп, ақшаны өз шоттарына аударып алады. 

Департаментте оларды ұстау өте қиын екенін, көбінесе алаяқтар жалған  нөмірлермен жұмыс істейтінін атап өтті.