Павлодар облысында қызыл құжатпен жүрген адам жеке куәлік алды
Ер адамның 1974 жылғы үлгідегі қызыл төлқұжаты болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, рейд жүргізу кезінде шаруа қожалықтарының бірінде құжатсыз тұратын 60 жастағы ер адам анықталды. Әңгіме барысында ол көрші мемлекетте туып-өскенін айтқан.
– Оның қызыл төлқұжаты болған, бірақ оны жоғалтып алған соң құжатты қалпына келтіру мәселесі бойынша ешқайда бармаған. Заңнаманы білмеуі мен өмірлік жағдайларға байланысты құжаттары уақтылы дайындалмаған. Осы кезеңде ер адам ресми жұмысқа орналаса алмаған және медициналық мекемелерге жүгіну мүмкіндігі болмаған, – деді Баянауыл ауданы полиция бөлімі көші-қон қызметінің аға инспекторы Мейрамгүл Шаймерденова.
Полиция қызметкері ер адамға Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алу үшін қажетті құжаттарды жинауға көмек көрсетті.
– Мен көші-қон қызметінің қызметкерлеріне өз міндеттерін адал және сапалы орындағаны үшін өте ризамын. Енді менің құжатым бар, тыныш өмір сүретін болдым, – дейді Александр Конюхов.
Мәселесі шешімін тапқан ауыл тұрғыны Баянауыл ауданының көші-қон қызметіне ризашылығын білдіріп, облыстық полиция ведомствосының бастығы Василий Склярдың атына алғыс жолдады.