Жебеуші періште: Павлодарлық оқушы киноға түсті

Жебеуші періште: Павлодарлық оқушы киноға түсті
Фото: автор

Республикалық «Мейрам» балалар киностудиясы 9-14 жас аралығындағы балаларға кастинг өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар ауданы Мичурин ауылында тұратын тоғыз жастағы Бекарыс Рахметұлы киноға кастинг жарнамасы арқылы келген.

 – Баламмен ақылдасып, кастинг менеджеріне хабарластым. Кастингте Абай, Шәкәрім, Мұқағали сынды ақын-жазушылардың өлеңдерін оқыды. Көп ұзамай, киностудиядан «Кастингтен сәтті өттіңіз» деген хабарлама келді. Осылайша киноға түсуге ұсыныс алдық. Ата-ана ретінде баламызға қолдау көрсетеміз, – дейді анасы Алтынай Сесерхан.

Анасының айтуынша, Бекарыстың өлең оқуға деген қызығушылығы кішкентай кезінен байқалған, ата-әжесі әрдайым ертегі оқуды әдетке айналдырған. Ең алғашқы шығармашылық жеңісі Халықаралық Абай оқуларынан басталған. 

– Сол себепті Бекарысты сценарий, мәтіндерді жаттауға бейімді екенін байқап, үлкен сеніммен кастинге бағымызды сынауға бардық.  «Жебеуші періште» фильмінде көтерілген басты мәселелердің бірі – халықтың әлеуметтік жағдайы. Көптеген адамдар бала асырап алуды жеке мақсатта қолданғысы келеді. Кейін мақсатына жеткеннен кейін бала тәрбиесіне көңіл бөлмейді. Әрбір бала – өз үйінің періштесі. Кино әлеуметтік жағдай баланың көп болуы немесе аз болуына байланысты емес деген ойды насихаттайды, – дейді Алтынай Сесерхан.

Анасының айтуынша, жас актердің оқу үлгерімі жақсы. Биыл бастауыш мектепті бітіріп, алдағы уақытта қаладағы мектеп гимназиясына түсу үшін емтиханға дайындалуда. Өнерлі бала болашақта актерлік жолын жалғастырғысы келеді. Сонымен қатар, «Мейрам» киностудиясының қола медалін алды. Бекарыстың ендігі мақсаты – алтын медальға қол жеткізу.

– Бұл Бекарыстың алғашқы рөлі болғандықтан, оған қиын болды. Себебі, көп дайындықты талап етті. «Мейрам» киностудиясынан актерлік шеберлік курсы бойынша үш айлық онлайн дәріс алды. Онда мимикамен, эмоциямен жұмыс істеуді үйретті. Алдағы уақытта да режиссерлерден шақырту келсе, ұсыныстарын қабылдауға дайынбыз. Баламның әр түсірілім сәтінде  жанында болдым, – деп атап өтті актердің анасы.

Ол кастинг кезінде өзін жинақы ұстауды, адамдармен жұмыс істеуді, шыдамды болуды үйренген. 

– Кинода «әкем болды», – деп ерекше қуанған Бекарыс осыдан бір жыл бұрын әкесінен айырылған.

Айта кетейік, 41 сахна төрт күн бойы түсірілді. Барлық қатысушыларға «Мейрам» киностудиясында актерлік шеберліктен өткені үшін куәлік беріліп, Алғыс хаттармен марапатталды. Аталмыш киностудия Қазақстанның барлық қалаларында жұмыс істейді. Бұл тәжірибелі орталық Павлодарда төрт түрлі жобаны қолға алған. Сол жобалардың бірі – «Жебеуші періште» фильмі.