Павлодарда құрылыс материалдарын өндірудің жаңа тәсілдері зерттелуде

Павлодарда құрылыс материалдарын өндірудің жаңа тәсілдері зерттелуде
Фото: Константин Шелков

Ғалымдар қалдықтарды пайдалы шикізат көзіне айналдырмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінің сәулет және құрылыс факультетінде ғылым, білім және инновация бағытындағы жаңа жобалар таныстырылды. Көрмеде студенттердің сәулеттік жұмыстары, құрылыс саласына арналған зерттеулері мен өндіріс қалдықтарынан әзірленген материалдары ұсынылды. Бұл бастамалар арқылы білім ошағы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған инфрақұрылымды дамыту, құрылыс сапасын арттыру және энергия тиімділігін қамтамасыз ету міндеттерін жүзеге асыруды көздейді. 

Сәулет және құрылыс факультетінің деканы Гүлнар Жүкенованың айтуынша, бүгінде мұнда 900-ден астам студент сәулет, құрылыс, инженерлік желілер, автомобиль жолдары және құрылыс материалдарын өндіру бағыттары бойынша білім алады. Жыл сайын шамамен 150-200 маман оқу орнын тәмамдайды.

– Президент Жолдауында инфрақұрылымды жетілдіру мен әлеуметтік нысандар салу міндеттері көтерілді. Бұл жұмыстарды сапалы жүзеге асыру үшін білікті мамандар қажет. Сондықтан біз теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастыруға басымдық береміз. Студенттеріміз әр курста өндірістік тәжірибеден өтіп, алғашқы курстан бастап жұмысшы мамандықтарын меңгереді. Сонымен қатар, дуалды оқыту жүйесі арқылы білім алып жүріп, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бар, – деді факультет деканы.

Гүлнар Жүкенованың сөзінше, соңғы үш жылда сәулет-құрылыс мамандықтарына қызығушылық артып, талапкерлердің дайындық деңгейі де жақсарған. Түлектердің 90 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Бұған университеттің құрылыс кәсіпорындарымен жасасқан келісімдері ықпал етеді. Жұмыс берушілер дипломдық жобаларды қорғау кезінде мемлекеттік аттестаттау комиссиясының құрамына қатысып, болашақ мамандарды жұмысқа шақыра алады.

Қазіргі таңда студенттер цифрлық технологияларды да меңгеріп жатыр. Олар AutoCAD, ArchiCAD және 3D Max бағдарламаларымен жұмыс істеп, ғимараттардың цифрлық модельдерін әзірлейді. Бұл да құрылыс саласындағы заманауи талаптарға бейімделуге мүмкіндік береді. 

Көрмеде факультеттің ғылыми-зерттеу жұмыстары да таныстырылды. Қауымдастырылған профессор Леонид Булыганың айтуынша, ғалымдар облыстағы өндіріс орындарының қалдықтарын құрылыс материалдарын өндіруге пайдалану бағытында зерттеулер жүргізіп келеді.

– Біздің басты мақсатымыз – өндіріс қалдықтарын кәдеге жаратып, оларды құрылыс саласына енгізу арқылы өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту. Мәселен, металлургиялық шлактарды жол құрылысына, жылу энергетикасы кәсіпорындарының күл-қоқыс қалдықтарын құрылыс материалдарын өндіруге қолданамыз. Көрмеде құрамының 70 пайызы күлден тұратын кірпіш үлгісі ұсынылды. Бұдан бөлек, Екібастұз көмір кеніштерінен қалған өндірістік қалдықтарды керамикалық бұйымдар жасауға пайдалану технологиясын жасадық, – деді профессор.

Ғалымдардың зерттеулері жол құрылысына арналған асфальтбетон құрамдарын жетілдіруді де қамтиды. Жаңа құрамдардың мақсаты – жолдардың пайдалану мерзімін ұзарту. Сондай-ақ автоклавты газобетон өндіру технологиясын дамыту көзделген. Қазір зерттеушілердің оннан астам инновациялық шешіміне патент рәсімделген.

Бұл жобаларды өндіріске енгізу үшін өңір кәсіпорындарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Олардың қатарында «Қазақстан алюминийі» және «Еуразиялық энергетикалық корпорация» бар. Сонымен қатар, ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты аясында құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орнын құру жоспарланған. Жоба бойынша қабырға материалдары мен жол құрылысына қажетті өнімдер шығаратын екі өнеркәсіптік желі орнату көзделіп отыр.

Факультетте энергия тиімділігіне қатысты зерттеулер де қолға алынған. «Жас ғалым» мемлекеттік гранты аясында 25 миллион теңге көлемінде қаржыландырылған жобаны профессор Қуаныш Мақашев жүргізуде. Зерттеудің негізгі мақсаты – қолданыстағы ғимараттарды бұзбай, олардың беріктігін арттыру және жылу оқшаулау қасиетін жақсарту.

Жоба аясында көміртекті, базальтты және шыны талшықты арматураланған материалдар зерттелуде. Олар ғимараттардың қабырғаларын нығайтып, жылу шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Зерттеушілердің айтуынша, математикалық модельдеу нәтижесінде жылу оқшаулағыштың 100-150 миллиметр қалыңдығы кей жағдайда 200 миллиметрлік қабатпен салыстырмалы нәтиже беретінін анықтаған. Бұл құрылыс шығынын азайтуға жол ашады.

Зерттеу жұмыстарына магистранттар мен студенттер де қатысады. Олар ағаш және жеңіл материалдардан құрылыс конструкцияларын өз қолдарымен құрастырып, арнайы сынақтан өткізеді. Осылайша, болашақ инженерлер материалдардың жүктеме кезіндегі беріктігін тәжірибе жүзінде тексереді.

Қуаныш Мақашевтің айтуынша, жобаның келесі кезеңінде әр материалды қолдану саласы мен қажетті қалыңдығын анықтайтын нормативтік құжаттар әзірлеу жоспарланған. Бұл жұмыс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Себебі зерттеушілер Қазақстанның әр өңіріндегі климаттық және сейсмикалық ерекшеліктерді де ескеруді көздейді.

Осылайша, Торайғыров университетінде білім беру мен ғылыми зерттеулерді өндіріс сұранысымен байланыстыруға басымдық беріліп отыр. Ғалымдардың әзірлемелері тәжірибеге енгізілсе, өңірдегі өндіріс қалдықтарын азайтып қана қоймай, құрылыс материалдарының сапасы мен ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік туады.

Еске сала кетейік, Павлодарда өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, олардан отын мен түрлі шикізат өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылған болатын. Бұл бастама қалдық көлемін азайтып, оларды қайтадан өндіріске пайдалануға бағытталған.