Екібастұз тұрғыны баласына электронды темекі сатқан клубқа шағымданды
Учаскелік инспектор аталмыш фактіні тексеру барысында заңбұзушылық расталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласында жасөспірімге электронды темекі сатқаны үшін кәсіпкерге айыппұл салынды. Қалалық полиция бөліміне кәмелетке толмаған баланың әкесі жүгінген, оның баласына қала клубтарының бірінде бір реттік электронды темекі сатқан.
– Менің балам небәрі 15 жаста. Олар балама құжаттарды тексермей темекі сатқан, – дейді баланың әкесі.
Темекі мен темекі бұйымдары, электрондық тұтыну жүйелерін он сегіз жасқа толмаған тұлғаға сатқаны үшін дара кәсіпкерге қатысты ҚР ӘҚБтК 1-бөлігінің 133-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот кәсіпкерге 60 375 теңге айыппұл салды.
Айта кету керек, полиция ағымдағы жылы кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатқан үш жеке кәсіпкер жазаланғанын атап өтті.