Павлодарда Әбішев оқулары өтті
Іс-шараны «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық байқауының қалалық кезеңіне төрт бағыт бойынша 33 жалпы білім беретін мектептен 8-11-сыныптардың 75 оқушысы қатысты.
– Байқаудың мақсаты – Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын білу, шығармашылық және көркемдік қабілеттерін дамыту, көркем және классикалық әдебиеттерді оқу дағдыларын тәрбиелеу. Әбіш Кекілбаев қазіргі қазақ әдебиетінің жазушысы, аудармашы, тарихшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры, – дейді білім беру бөлімінде.
Байқау қорытындысы бойынша 40 қатысушы жүлделі орындарға ие болды, оның ішінде I орын - 4 оқушы, II орын - 15, III орын - 21.
«Иллюстрация» бағытында Әбіш Кекілбаевтың шығармаларына иллюстрациялар салудан І орынды М. Әлімбаев атындағы мектептің 11- сынып оқушысы Полина Петрова иеленді. Ол «Галстук сатушы қыз» шығармасының сюжеттері бойынша иллюстрациялар салды.
«Мәнерлеп оқу» бағытында І орынды мәнерлеп, дикцияны сақтай отырып «Аңыздың ақыры», «Аға дегенге бұрылыс» прозасы мен поэзиясын жатқа оқыған М. Жүсіп атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Гүлден Орал иеленді.
№ 33 мектептің 10-сынып оқушысы Оразбек Дария А. Кекілбаевтың шығармалары бойынша «Зерттеу жұмысы» бағытында І орынды иеленді. Дария «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы ұлттық құндылықтар - салт-дәстүрлердің дәріптелуі» тақырыбында жобаны қорғады.
«Сахналық қойылым» бағытында І орынды «Абылайхан» әңгімесі бойынша № 21 мектептің командасы үздік театрлық қойылымды көрсетті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласы білім бөлімінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Қатысушылар «Павлодар дарыны» орталығының сертификаттарын алды.
Жеңімпаздар 2024 жылдың қаңтар айында облыстық оқу кезеңіне қатысады.