Павлодар педагогтері білім беру саласының кадрлық әлеуетін күшейтуде
Сарапшылар білім беру сапасы мен саланы дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда облыстық білім беру басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға қала және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ өңірдің білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова жүргізді.
Ведомство деректеріне сәйкес, бүгінде өңірдің орта білім беру жүйесінде 13 мыңнан астам педагог еңбек етеді, олардың 70 пайызы біліктілік санатына ие. Биыл шамамен бес мың мұғалім аттестациядан өтуде. Бұл – кадрлық әлеуетті нығайтуға және педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Басқарма басшысы Айгерім Әбенова негізгі міндеттердің бірі – мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету екенін атап өтті:
– Облыста бірінші басшыларға қатысты өткір тұрған мәселе шешілді. Барлығы 147 бос орынның 129-ы жабылды, бұл шамамен 90 пайызды құрайды. Жұмыс жалғасуда, қалған 18 бос орынды оқу жылының соңына дейін жабу жоспарланып отыр, – деді Айгерім Әбенова.
Жыл бойы павлодарлық педагогтер жоғары кәсібилігін көрсетіп, оны республикалық және халықаралық байқаулардағы нәтижелерімен дәлелдеді.
Алқа отырысында білім сапасы, дарынды балаларды даярлау, оқушылардың олимпиадаларға қатысуы бойынша қорытындылар шығарылды. Сондай-ақ басқарушылық тиімділік пен мектептердің әдістемелік сүйемелдеу мәселелері қаралды. Республикалық және халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша облыс оқушылары 166 медаль жеңіп алды. Өңір тағы да «Үздік олимпиадалық команда – 2026» атағын табиғи-математикалық бағыт бойынша растады.
Жетістіктермен қатар проблемалық мәселелер де аталды: жекелеген пәндер бойынша кадр тапшылығы, талдамалық жұмысты күшейту қажеттілігі, нәтижесі төмен мектептерді қолдау, сондай-ақ оқушылардың функционалдық сауаттылығы мен цифрлық құзыреттерін дамыту.
Бүгінгі күні басты міндет – қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай, ортасында бала, мұғалім және білім сапасы тұрған тұрақты әрі тиімді жүйе құру. Алқа қорытындысы бойынша өңірдің білім беру саласын одан әрі дамытуға бағытталған міндеттер айқындалды.