Қазақстанның Құрметті кітапханашысы: Павлодарлықтар комикс пен мотивацияға құмар
@Pavlodarnews.kz тілшісі кітапханашылардың кәсіби мерекесіне орай кітаппен 30 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан Жазгүл Қажыбаевамен сұхбаттасып, мамандықтың қиындығы мен қыр-сырын біліп көрді.
Ол С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қорды қалыптастыру бөлімінің басшысы болып жұмыс істейді. Жаңа келген кітаптарды түсіріп, өңдейді. Әрбір кітапқа инвентарлық нөмір беріп, бөлімдерге таратады. Содан кейін олар электрондық базаға енгізіледі. Жақында ол Қазақстанның Құрметті кітапханашысы деген төсбелгісіне ие болды.
– Әр мамандықтың өз қиыншылығы болады. Кітапханашы болу да оңай нәрсе емес. Мен осы кітапханада жұмыс істеп жүргеніме 27 жыл толды, – деді Жазгүл Қажыбаева.
Кітапханашы Көкшетауда дүниеге келгенмен, Павлодар қаласына жұмыс бабымен жол тартқан. Осылайша ол өзінің еңбек жолын Павлодар облыстық кітапханада бастады.
– Сол кезде жоғары білімі бар мамандарды жұмысқа қабылдайтын. Нақты кітапханашыларды ғана жұмысқа аламыз деген қатаң талап болған жоқ, – деп атап өтті спикер.
Жазгүл Қажыбаева алғашқыда кітапхананың қазақ әдебиеті бөлімінде жұмыс істеген. Кітапханашы тоқсаныншы жылдары оқырмандар көп келгенін еске алады.
– Бұрындары зал лық толы болатын. Адамдар бұрын кітапты көп оқитын, ізденетін. Бірақ қазіргі кезде аз деп айтпаймын. Күніне жүзге жуық оқырман келіп тұрады. Ал мәдени іс-шаралар өткізгенде олардың саны 200-300-ге дейін жетеді, – дейді ол.
Оның сөзінше, әр жыл, кезең сайын оқырманның өзіндік талғамы, сұранысы қалыптасады. Егер де 30 жыл бұрын адамдар көркем әдебиетті сүйіп оқыса, бүгінгі таңда жастар мотивациялық, психологиялық кітаптарға көп жүгінеді.
– Жастар сол кітаптарды іздеп, оқуға тырысады. Балалар жаратылыстану, әлем тарихы, астрономия тақырыбындағы комикстерді қарауды жақсы көреді, – деді Жазгүл Қажыбаева.
Кітапханашының қолынан алуан түрлі кітап өткен. Ол өзі оқып, бітіріп шыққан әдебиетті санауға да келмейді. Ең сүйікті жанрлары – поэзия, драма мен пьеса. Қазір мамандығына байланысты газет, журналдарды көп оқиды.
Жазгүл Қажыбаеваның сөзінше, кітапханашылар оқырманның қалауына, талабына қарай өз жұмысын оңтайландырады.
– Оқырманның сұранысы тек қана бір бағытта ғана келмейді. Ол экономика, саясат, тарих, әдебиет, тілге қатысты болуы мүмкін. Сондықтан да кітапханашы жан-жақты, білімді болу тиіс. Яғни, барлығын түгелдей білуіңіз керек. Өнерде кімдер бар, қайраткерлер мен белгілі тұлғалар, ақын жазушыларды кітапханашы білу өте маңызды, – деп атап өтті Жазгүл Қажыбаева.
Шығармашылық тақырыбында да кітапханашылар осал жандар емес. Олар мерекелік шараларды жиі өткізіп тұрады.
– Бізде 55 кітапханашы жұмыс істейді. Олардың барлығы өнерлі, жеті қырлы, бір сырлы. Кітапханашы деген өзі – режисер, өзі әртіс, өзі психолог, мұғалім. Яғни, жалпы айтқанда әмбебап маман, – деп мойындайды Жазгүл Қажыбаева.
Кітапханашы өзі ән айтып, сурет салады. Бос уақытында әріптестер, туыстары арасында өнерімен бөліседі. Бұрын тоқымамен айналысқан кездері де болған.
Оның сөзінше, кітапханашыға жалығатын уақыт та жоқ.
– Бұл өте қызықты жұмыс. Алдыңызға қаншама адамдар келеді, сіздер әңігемелесіздер, тілдесесіздер, ақыры сол оқырманның сұранысыңа қарай өзің ізденіс жасайсың, – деді Жазгүл Қажыбаева.
Кітапхана сағат тоғыздан кешкі алты, жетіге дейін ашық. Оқу залында кітапханашы жұмысқа келген бетте ең біріншіден кешеден жинақталмай қалған кітаптарды реті, атауы, тақырыбы бойынша орнына қояды.
– Қазір оқырмандар үшін өте ыңғайлы. Автоматтандырылған жүйеге сәйкес кез келген кітапты электрондық каталог арқылы іздеп табуға болады. Оқу залдарында емін-еркін жүріп, қалаған әдебиетті таңдау мүмкіндігі бар, – деп атап өтті Жазгүл Қажыбаева.
Облыстық кітапхана жүйесінде 32 мың оқырман тіркелген. Олар үшін тоғыз бөлім жұмыс істейді.
Айта кетейік, Қазақстанда 24 қазан күні Кітапханашылар күні аталып өтіледі.