Кинотеатр, мұражай, көрме: Павлодарлық оқушылар күзгі демалысты қалай өткізеді?

Кинотеатр, мұражай,  көрме: Павлодарлық оқушылар күзгі демалысты қалай өткізеді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 45 мыңнан астам оқушысы қызығушылықтары бойынша түрлі іс-шаралармен айналысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім беру бөлімінің оқушылардың бос уақытын қамту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2023 жылғы 30 қазан мен 5 қараша аралығында күзгі каникул кезінде түрлі шаралар ұйымдастырылады.

– Мәселен, шағын аудандардың 18500-ден астам оқушысы сегіз мектептен тыс ұйымда, қаланың 17 аула клубында іс-шараларға тартылады. Қосымша білім беру мекемелерінде музыка, техникалық, көркемдік, лингвистикалық іс-шараларға, түрлі экскурсияларға, спорттық жарыстарға қатыса алады. 5000-нан астам оқушы үшін Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрға, Чехов атындағы драма театрға, кинотеатрларға, қала мұражайларына, көрмелерге бару жоспарланған, – дейді білім бөлімінде.

Мектептерде «Менің Отаным – Қазақстан» викториналары, шеберлік сағаттары, білгірлер турнирлері, көңілді старттар, «Салауатты денеде, салауатты рух» эстафеталары, оқушылар мен жас педагогтер арасында волейболдан бірлескен жолдастық кездесулер өтеді.

№ 26, 11 мектеп оқушыларының Астана, Алматы қалаларына экскурсияға баруы жоспарланып отыр, Құрманғазы атындағы балалар музыкалық мектебінің тәрбиеленушілері Түркістандағы «Талант» халықаралық байқауына қатысады, ұлттық жаңғыру мектебінің оқушылары Щучинск қаласының «Бурабай» шипажайында демалуға барады. № 33 ЖОМ 7-11-сынып оқушылары Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне экскурсиялық сапарға баруы жоспарланып отыр.

«Павлодар дарыны» балалардың бос уақытын қамту және дарындылықты дамыту орталығында каникул күндері 150-ден астам белсенді оқушының қатысуымен «Пікірсайыс мектебі», «Жүргізушілер мектебі», «Жас ақындар мектебі», «Алтын сын» олимпиадалық резерв мектебі жұмыс істейді, сондай-ақ оқушылар «Кел, балалар, оқылық!» және «Медия сауаттылық» жобалар шеңберінде байқаулардың іріктеу кезеңдеріне қатысады.  

Балалар көркемсурет мектебінде 30 қазан - 1 қараша аралығында жас суретшілердің жаңа суреттерімен жұмыс жасау үшін шығармашылық күндер өтеді.

4 - 5 қарашада балалар экология және туризм орталығы туристік көпсайыстан ашық біріншілік, «Сютур» балалар жасөспірімдер клубының тәрбиеленушілері альпинизм алаңында шеберлік сағатын өткізеді.

30 қазан - 5 қараша аралығында «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының аула клубтарында «Күзгі марафон», «Күзгі бал» іс-шаралары, республикалық және халықаралық жарыстар мен байқауларға дайындық өтеді.

Күзгі каникул кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын қамту жалпы қамтылған білім алушылар санының 90% - дан астамын құрайды.