Павлодар облысының дарынды оқушылары беделді марапатқа ие болды

Павлодар облысының дарынды оқушылары беделді марапатқа ие болды

Асайын Байханов «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының лауреаттарын марапаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Республика күні қарсаңында павлодарлық жүз оқушы мен колледж студенттері спорт пен интеллектуалдық байқаудағы жетістіктері үшін төсбелгімен марапатталды. Әрқайсысы 172 мың теңге мөлшеріндегі біржолғы сыйақы алды. Облыс әкімі Асайын Байханов еліміздің болашағы жастарға тікелей байланысты екенін атап өтіп, құттықтауын білдірді.

– Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн – дарынды оқушыларды марапаттап жатырмыз. Дарынды балалар мен жастарды қолдау еліміздің білім беру саясатындағы басты бағыттардың бірі болып табылады, – деп атап өтті өңір басшысы. 

Сондай-ақ, облыс әкімі оқушыларды жоғары жетістіктерге жетелеген педагогтарға да алғысын білдірді. 

Конкурсқа қатысуға барлығы 700-ден астам өтінім берілді. Қазылар алқасы «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығын бес номинация бойынша табыстады. Атап айтқанда, «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» номинациясында мектептер мен колледждердің алты оқушысы ерлік істері үшін, ал халықаралық және облыстық олимпиадалардың 21 жеңімпазы «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі» номинациясында,  Мектептер мен колледждердің 73 білім алушысы спорттық, шығармашылық жетістіктері, кәсіби шеберлігі үшін марапатталды. «Кәсіби шеберлік», «Шығармашылық шеберлік», «Спорттық шеберлік» номинацияларында дарынды оқушылар құрметке ие болды.

– Мен бала кезімнен адамдарға көмек көрсеткенді ұнататынмын. Сондықтан еріктілікпен айналысуға бел будым, – деді әлеуметтік-волонтерлік орталықтағы жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы, Павлодар жоғары педагогикалық колледжінің студенті Даяна Фарафонова. – Біз отбасылық типтегі балалар ауылдарының балаларымен түрлі бағыттар бойынша жұмыс істейміз, зейнеткерлерге көмектесеміз.

Оның сөзінше, топта 16 жастан бастап 30 жасқа дейін жүзге жуық ерікті бар. Ол оқуды аяқтағаннан кейін еріктілік қызметін одан әрі жалғастыруға ниетті.

– Кәсіби акробатикамен он жыл айналысып келемін. Республикалық және халықаралық жарыстарда талай рет жеңіске жеткен едім. Марапат алғаныма өте қуаныштымын, – деді №1 Екібастұз мектебінің оқушысы, спорт шебері Максим Гонтарь. – Аздап уайымдаймын, бірақ осында болғанымды мақтан тұтамын. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тек бір рет қана «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының иегері атануға болады.

Фото: Константин Шелков